TOP-1Геосаясат

Бітімгерлік дипломатия: Қазақстан аумағында өткен келіссөздер шежіресі

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халықаралық қақтығыстарды әскери жолмен емес, келіссөз арқылы реттеуге арналған алаң ұсынған мемлекеттердің қатарына қосылды. Әр жылдары Алматы мен Астанада Таяу Шығыстағы соғыс, Иранның ядролық бағдарламасы, Оңтүстік Кавказдағы аумақтық дау бойынша келіссөздер өтті. Бұл кездесулердің бәріы бірдей түпкілікті бейбіт келісіммен аяқталған жоқ. Дегенмен олардың кейбірі халықаралық диалогты қайта жандандыруға және тараптарды бір үстел басына жинауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Алматыдағы алғашқы келіссөз: Иранның ядролық бағдарламасы

2013 жылы Алматыда Иран мен алты алпауыт мемлекет – АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай және Германия өкілдері екі рет келіссөз жүргізді. Кездесулердің негізгі тақырыбы Иранның ядролық бағдарламасы және оған байланысты халықаралық санкциялар болды. Батыс елдері Тегераннан уран байыту жұмыстарын шектеуді талап етсе, Иран өзінің ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатта екенін мәлімдеп бақты.

Алматыдағы келіссөздер бірден ортақ келісімге әкелген жоқ, алайда тараптардың диалогты жалғастыруына жағдай жасап, екі жылдан кейін қол қойылған Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарына (JCPOA) апаратын дипломатиялық үдерістің бір бөлігіне айналды. Кейін Қазақстан Ираннан төмен байытылған уранды әкету және оның орнына табиғи уран жеткізу операциясына да қатысты.

Астана процесі: Сириядағы соғысты тоқтату талпынысы

Қазақстанның халықаралық бітімгерлік дипломатиясындағы ең ауқымды бастамалардың бірі – Сирия дағдарысына арналған Астана процесі. 2011 жылы басталған азаматтық соғыс 2016 жылдың соңына қарай елді бірнеше қарулы күштің бақылауындағы аумақтарға бөліп жіберді. БҰҰ аясындағы Женева келіссөздері жүріп жатқанмен, майдандағы жағдайды тұрақтандыру үшін қосымша диалог алаңы қажет болды.

Қазақстанның ұсынысымен 2017 жылғы 23-24 қаңтарда Астанада алғашқы кездесу өтті. Оған Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері, сондай-ақ Ресей, Түркия және Иран делегациялары қатысты. Процеске БҰҰ өкілдері араағайындық жасап, АҚШ бақылаушы ретінде қатысты. Бұл Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері бір келіссөз алаңына алғаш рет келген кездестірген алаңның бірі болды.

Келіссөздердің алғашқы кезеңінде атысты тоқтату режимін бақылаудың үшжақты тетігін құру, деэскалация аймақтарын белгілеу, тұтқындар алмасу және гуманитарлық көмек жеткізу мәселелері талқыланды. 2017 жылдың мамырында кепілгер мемлекеттер Идлиб, Хомс, Шығыс Ғута және Сирияның оңтүстігіндегі бірқатар аумақта деэскалация аймақтарын құру туралы меморандумға қол қойды. Кейін тұтқындарды босату, хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу жөніндегі жұмыс тобы да құрылды.

Астана процесі Женева келіссөздерін алмастырған жоқ, керісінше, оларды толықтыратын формат ретінде қарастырылды. 2024 жылдың қарашасында Қазақстан астанасында оның 22-халықаралық кездесуі өтті. Алайда бұл келіссөздер Сириядағы соғысты түпкілікті тоқтата алмады. Деэскалация аймақтары жөніндегі уағдаластықтар да ұзақ мерзімге сақталмады. Сондықтан Астана процесінің нәтижесін Сириядағы қақтығысты шешті деп емес, тараптар арасындағы байланысты сақтап, жекелеген гуманитарлық және қауіпсіздік мәселелерін талқылауға мүмкіндік берген дипломатиялық арна деп бағалаған жөн.

Алматыдағы жаңа диалог: Әзербайжан мен Армения

2024 жылдың 10-11 мамырында Алматыда Армения мен Әзербайжан сыртқы істер министрлері бейбіт келісім жобасын талқылады. Кездесу Қазақстан Президентінің екі ел арасындағы келіссөздерге алаң ұсыну туралы ұсынысынан кейін ұйымдастырылды. Бұл жолы келіссөздерге сыртқы делдалдар емес, араз екі мемлекеттің тікелей өкілдері қатысты.

Тараптар бейбіт келісім мәтінінің бірқатар ережесін талқылап, жұмысты жалғастыруға келісті. Мұнда да кездесу түпкілікті келісімге қол қоюмен аяқталған жоқ. Қазақстанның рөлі екі елдің тікелей диалогына бейтарап алаң ұсынуымен шектелді.

Кездесудің мәнін Әзербайжан сарапшысының сол кезде айтқан пікірінен де ұғуға болады.

«Қазақстан Армения мен Әзербайжан үшін келіссөз алаңы ретінде болжамды әрі сенімді мемлекет. Қазақстанның Оңтүстік Кавказда мүддесі бар. Бірақ бұл – конструктивті мүдде. Мұны Баку де, Ереван да мойындайды», – деген болатын Оңтүстік Кавказды зерттеу орталығының директоры, саясаттанушы Фархад Мамедов.

Қазақстанда өткен осы үш келіссөз форматының мазмұны әртүрлі болғанмен, ортақ сипаты бар: ел күрделі халықаралық дауларды талқылауға арналған алаң ұсынды. Бір жағдайда ядролық қаруды таратпау мәселесі, екіншісінде азаматтық соғысты бәсеңдету, үшіншісінде екі көрші мемлекеттің бейбіт келісімге келуі күн тәртібіне шықты.

Back to top button