Балалар арбасымен автобусқа кіруге тыйым салынды ма – министрлік жауап берді
Қазақстанда балалар арбасымен қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Көлік министрлігі автобуспен қатынайтын ата-аналарға қатысты жаңа талаптардың мәнін түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ведомствоның мәліметінше, қолданыстағы ережелер ата-аналардың балалар арбасымен қоғамдық көлікте жүруіне ешқандай шектеу қоймайды. Алайда жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларына енгізілген өзгерістерде автобус салоны лық толған жағдайда балалар арбасын алып жүру тәртібі нақтыланған.
Балалар арбасын қандай жағдайда жинау қажет
Жаңа талапқа сәйкес, автобус салонында жолаушылар көп болып, ата-анаға арналған бос орын болған жағдайда балалар арбасын жинап алып жүру көзделген.
«Бұл ретте коляска жолаушылардың еркін қозғалуына кедергі келтірмеуі тиіс. Аталған талап жолаушылардың, оның ішінде балалар мен оларды алып жүретін ата-аналардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ автобус салонындағы еркін өту жолын сақтауға бағытталған», – делінген министрлік ақпаратында.
Арбаны жинамаса, айыппұл салына ма
Көлік министрлігі балалар арбасын жинау міндетті талап емес екенін түсіндірді.
«Егер ата-анаға балалар коляскасын жинау қолайсыз болса, ол сапарын колясканы жайылған күйінде жалғастыра алады», – делінген хабарламада .
Ең бастысы, балалар арбасын жинамағаны үшін ата-аналарға айыппұл салынбайды және оларды автобустан түсіруге болмайды. Сондай-ақ қандай да бір өзге санкция қолдану қарастырылмаған.