«Жолда үнемделген бір минут адам өміріне татымайды»: «ҚазАвтоЖол» мәлімдеме жасады

15 қарашада «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күніне орай акция өткізді. Шараның мақсаты — көлік жүргізу мәдениетін көтеріп, қоғам назарын жол қауіпсіздігіне аудару, деп хабарлайды Tizgin.kz «ҚазАвтоЖол» таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
Жүргізушілерге жолдағы қауіптерді еске салды
Акция барысында компания жүргізушілердің назарын жол апатына әкелуі мүмкін әрекеттерге аударды. Олардың қатарында жылдамдықты асыру, қауіпті маневр жасау және рөлде отырғанда басқа нәрсеге алаңдау бар.
«ҚазАвтоЖол» әрбір жол апаты тұтас отбасының тағдырына әсер ететінін еске салып, жүргізушілерді өз өміріне де, өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне де жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Жол ережесін сақтау маңызды
Компания республикалық маңызы бар жолдарда қауіпсіздікті арттыру жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. «ҚазАвтоЖолдың» хабарлауынша, заманауи жол инфрақұрылымымен қатар, апаттың алдын алуда жүргізушінің жол ережесін сақтауы да маңызды.
«Жолда үнемделген бір минут адам өміріне татымайды. Өзіңізді және үйде жолыңызды күтіп отырған жақындарыңызды сақтаңыз!» – делінген компания хабарламасында.