TOP-2Жаңалықтар

Шіліктідегі көне қорғандардың бүлінгені жайлы ақпарат тарады: әкімдік мәлімдеме жасады

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында орналасқан «Шағаноба» археологиялық кешеніндегі көне қорғандарға ауыр техникамен зақым келтірілгені жайлы видео тарады. Тарихи ескерткіш аумағында жер жұмыстары жүргізілгені анықталып, полиция тиісті материалдарды тіркеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Көне қорғандар аумағында не болған

Әлеуметтік желілерде Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешеніне ауыр техникамен зақым келтірілгені туралы ақпарат тараған. Осыған байланысты 13 қарашада полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, тексеру жүргізді. Нәтижесінде тарихи кешен аумағында бұрын қазылған шұңқырларды топырақпен көму жұмыстары жүргізілгені анықталды. Оған «SRS» ЖШС-не тиесілі техника пайдаланылған. Облыс әкімдігінің мәліметінше, оқиға орнында болған азаматтардың жеке басы анықталып, тиісті материалдар полицияда тіркелген.

Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау саласының мамандары, археолог, жергілікті әкімдік пен полиция өкілдері археологиялық кешен аумағын бірлесіп тексерді. Жер жұмыстарының іздері фото және бейнежазбаға түсіріліп, арнайы акт жасалды. Алайда мамандар әзірге көне қорғандардың қаншалықты зардап шеккенін нақты айта алмай отыр.

Қорғандарға келген залал қашан анықталады

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің түсіндіруінше, қазіргі қар жамылғысы археологиялық ескерткіштердің жай-күйін толық зерттеуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан кешен аумағын қосымша тексеру 2027 жылдың көктеміне жоспарланған. Сол кезде қорғандарға зақым келген-келмегені және ықтимал залалдың ауқымы анықталмақ. Қажет болған жағдайда шұғыл археологиялық құтқару жұмыстары ұйымдастырылады.

Оқиғаның құқықтық бағасын беру үшін тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына жолдау тапсырылды. Егер заң талаптарының бұзылғаны анықталса, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады. Сонымен қатар өңірде тарихи-мәдени мұра нысандарын заңсыз қазудан және вандализм әрекеттерінен қорғау мақсатында бақылау күшейтілмек.

«Тарихи-мәдени мұра нысандарына кез келген қол сұғушылыққа жол берілмейді. Аталған жағдайға қатысты барлық мәселе Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бақылауында», – делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Әзірге «Шағаноба» археологиялық кешенінің аумағында жер жұмыстары жүргізілгені ғана расталды. Ал көне қорғандарға нақты зақым келген-келмегені келесі жылы жүргізілетін қосымша зерттеуден кейін белгілі болады.

 

Смотреть в Threads

 

Back to top button