Жаңалықтар

АҚШ-та үшінші күн қатарынан мыңдаған рейс кейінге шегеріліп жатыр

Жексенбі күні мемлекет бойынша 2 мың 300-ден астам рейс тоқтатылып, одан бөлек, 7 мың 700-ге жуық рейс кешіктірілген, деп хабарлайды Tizgin.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

Ақау неден шықты

Алдын ала мәліметке сәйкес, бұған әуе қозғалысын басқару жүйесіндегі техникалық ақау себеп болды. Кибершабуыл белгілері анықталмаған көрінеді.

АҚШ-тың Көлік министрі Шон Даффи ақау Арканзас штатындағы Эль-Дорадо қаласында орналасқан Федералдық авиация басқармасы (FAA) нысанында роутер ауыстырудан басталғанын алға тартты. Салдарынан Техас штатындағы Амарилло қаласында жақында орнатылған тағы бір роутер істен шығып, мемлекет аумағындағы әуе қозғалысын басқару орталықтарына шамадан тыс деректер ағынын жіберген.

Даффи қаржы бөлуді сұраған

FAA ақау шыққан роутерлер мен соған ұқсас тағы 60-қа жуық құрылғыны желіден ажыратқан. Дегенмен жүйедегі іркілістің нақты себебі әзірге толық анықталмады. Шон Даффи кибершабуыл белгілері байқалмағанын жеткізді. Министр сөзінше, істен шыққан роутерлер 2001 жылы сатып алынған, юірақ 2006 жылдың өзінде-ақ ескірген құрылғылар қатарына енген.

Осы оқиғадан соң Даффи әуе қозғалысын басқару жүйесін жаңғырту үшін 50 миллиард доллар көлемінде қаржы бөлуді сұрады. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл бастаманы қолдап, Конгресті қажетті қаржыландыруды мақұлдауға шақырды.

Әуе қатынасы қашан реттеледі

Алайда Демократиялық партия өкілдері бұл ұсынысқа күмәнмен қарады. Олардың дерегінше, өткен жылы жүйені жаңғыртуға бөлінген 12,5 миллиард доллардың шамамен 11 миллиарды әлі күнге дейін игерілмеген. Бұған жауап ретінде Даффи аталған қаражаттың нақты бағыттарға ғана бөлініп, жаңа бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу мен енгізуді қамтымағанын түсіндірді.

Министр болжамынша, АҚШ-тағы әуе қатынасы 16 қарашаға қарай, яғни бүгін толық қалпына келуі тиіс.

Back to top button