TOP-1Білім

Қазақстанда 59 мың жетім бала баспана кезегінде тұр – министр

Елде 2026 жылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 3576 бала баспаналы болды. Алайда тағы 59 мың бала тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайда өткен Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жұлдыз Сүлейменова «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының іске асырылу барысына тоқталып, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдау мәселесін сөз етті.

59 мың бала әлі баспана күтіп отыр

Министрдің мәліметінше, биыл 3576 бала пәтер алғанымен, баспана кезегінде тұрғандардың саны әлі де жоғары.

«Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс жасау үшін 616 маман дайындалды. 2026 жылы 3 576 жетім бала пәтер алды, тағы 59 мың бала кезекте тұр»,  – деді министр.

Министрдің айтуынша, баланың отбасында тәрбиелену және әлеуметтік қорғалу құқығын қамтамасыз ету үшін 28 іс-шара жоспарланған. Соның сегізі 2026 жылы жүзеге асырылуға тиіс болса, тағы бес іс-шараны жыл сайын өткізу көзделген.

Балаларға қандай қолдау бар

Министрдің сөзінше, «Қазақстан халқына» қоры балалар мен отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған 120-дан астам бағдарлама мен жобаны қолдаған. Қазіргі уақытта әлеуметтік көмектің 49 түрі көрсетіліп жатыр.

Сонымен қатар жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс істеу үшін 616 маман даярланған.

Back to top button