“Қолдауға дайынбыз”: Сүлейменова қандай мұғалімдердің айлығы артатынын айтты
Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 10 мың бала әлі күнге дейін тиісті жолдама ала алмай, кезекте тұр. Елде арнайы білім беру ұйымдарының саны артқанымен, балаларға қажетті психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мәселесі толық шешілмеген. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
10 мың бала неге кезекте тұр
Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 541 арнайы мектеп, 240 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) және аутизмі бар балаларды қолдауға арналған 12 орталық жұмыс істейді. Алайда қолданыстағы инфрақұрылым ерекше білім беруді қажет ететін балалардың сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Жыл сайын мұндай көмекке мұқтаж балалар саны өсіп келеді.
«Бірақ біз не көріп отырмыз? Әлі де жеткіліксіз. Жыл сайын сұраныс айтарлықтай өсіп келеді. Қазір 10 мың бала әлі жолдама алмағанын көріп отырмыз, олар кезекте тұр. Біздің дерегіміз бойынша, тағы 16 ПМПК кабинетін ашу қажет. Сондай-ақ сегіз түзету кабинеті керек», – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, министрлік мәселені кешенді шешу үшін жаңа үлгідегі арнайы мектептер салуды жоспарлап отыр. Бұл білім беру ұйымдарында балаларды оңалту, оқыту және қолдау қызметтері біріктірілмек. Министр жаңа мектептерде инклюзивті білім беру қағидаттары ескерілетінін айтып, аталған мәселе ведомствоның бақылауында екенін жеткізді.
Арнайы педагогтер неге жетіспейді
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға сапалы қолдау көрсетуге кедергі келтіріп отырған тағы бір мәселе – білікті мамандардың тапшылығы. Министрдің мәліметінше, қазір елімізде 11 мың арнайы педагог жұмыс істейді. Алайда олардың саны қолданыстағы сұранысты өтеуге жеткіліксіз.
«Қазір 11 мың арнайы педагог жұмыс істейді. Бірақ біз мұның жеткіліксіз екенін түсінеміз. Бүгінде тоғыз колледжде 900-ден астам дефектолог даярланып жатыр. Сонымен қатар сегіз колледжде 200-ге жуық арнайы педагог білім алуда», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр кадр тапшылығымен қатар, арнайы педагогтердің еңбекақысы да өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, инклюзивті білім беру саласында жұмыс істейтін мамандардың жалақысын қайта қарау қажет.
«Арнайы педагогтерге қатысты үлкен мәселе бар екенін айтуымыз керек. Еңбекақы мәселесі де шынымен өзекті. Сондықтан қазір Құрылтайда талқыланып жатқан заң жобасы аясында инклюзивті білім берумен айналысатын педагогтердің жалақысын қайта қарауды қолдауға дайынбыз», – деді министр.
Осылайша, елімізде арнайы білім беру ұйымдары жұмыс істегенімен, балаларды қажетті қызметпен қамту және білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі әлі шешімін таппаған. Министрлік жаңа мектептер мен түзету кабинеттерін ашуды, мамандар даярлауды және олардың еңбекақысын қайта қарауды жоспарлап отыр. Алайда кезекте тұрған 10 мың баланың қашан тиісті жолдама алатыны әзірге нақтыланбады.