Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы бір студент көз жұмды. Бұл жолы география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болған. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Студент өліміне жайлы не белгілі
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиғаға байланысты Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Тергеу аясында күдікті ұсталған. Алайда студенттің нақты қандай жағдайда көз жұмғаны, қылмыстық істің қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша қозғалғаны әзірге жарияланған жоқ. Студенттің қайтыс болғанын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі де растады. Оқу орнының өкілдері оқиғаның мән-жайын анықтауға құқық қорғау органдары кіріскенін және университет тергеуге жан-жақты көмектесіп жатқанын мәлімдеді.
Әлеуметтік желілерде студенттің өліміне қатысты түрлі болжам айтылып жатыр. Дегенмен олардың ешқайсысы ресми түрде расталған жоқ. Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның егжей-тегжейін әзірге жарияламаған.
ҚазҰУ студентінің өлімі
Еске салайық, 6 қарашада Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған бірінші курс студентінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Қайғылы оқиға қоғам назарын аудартқан. Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Әзірге студент өлімінің нақты мән-жайы мен себебі туралы түпкілікті ресми қорытынды жарияланған жоқ.