Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жаңа төраға тағайындалды
Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Ғатаұллаұлы Ирменов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Ақорда.
Марат Ирменовтің өмірбаяны
Марат Ирменов 1993 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, 1996 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің институтын, ал 2000 жылы Халықаралық құқық және нарық академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы ұлттық қауіпсіздік органдарында бастап, 2000 жылға дейін жедел қызмет лауазымдарында жұмыс істеген. 2000-2025 жылдар аралығында ұлттық қауіпсіздік органдарында түрлі басшылық қызметтер атқарған. 2025 жылдың қазан айынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
2019 жылы Президент Жарлығымен оған ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы берілген. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, мемлекеттік, ведомстволық және мерейтойлық медальдармен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің құрметті қызметкері атанған.