TOP-1

Моңғолия президенті жемқорлық дауына іліккен соң отставкаға кететінін мәлімдеді

Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх ірі сыбайлас жемқорлық дауына байланысты қызметінен кететінін мәлімдеді. Оған мемлекеттік теміржол жобасы төңірегінде қаржылай пайда көрді деген айып тағылған, деп хабарлайды Tizgin.kz Associated Press агенттігіне cілтеме жасап.

Оппозиция қандай талап қойды

Дау ортасында Таван-Толгой – Гашуунсухайт теміржолы құрылысына арналған құпия тендер тұр. Жобаны жүзеге асыру құқығын Bodi Group компаниясы алған. Алдын ала мәліметтер бойынша, осы жобаға байланысты бірқатар саясаткерге жалпы сомасы 110 млн доллар көлемінде пара берілген болуы мүмкін деген күдік бар.

Mongolia Daily басылымы мәліметінше, 16 қараша күні Моңғолия парламентіндегі оппозиция президент пен жемқорлық дауына қатысы бар делінген басқа да шенеуніктердің отставкаға кетуін талап етті.

Тексеріс үшін комиссия құрылады

Демократиялық партия депутаттары аталған айыптауларды жан-жақты тексеру үшін уақытша парламенттік комиссия құруды ұсынған. Бұл бастаманы 42 депутат қолдады.

Сонымен қатар оппозиция 2019 жылдан бері Моңғолия Ұлттық қауіпсіздік кеңесі шығарған барлық ұсынымдарды құпиясыздандыруды талап етті. Парламент бұл мәселені 19-20 қарашадағы жалпы отырыстарда қарастыруы жоспарланған. Даудың қайта өршуіне бірнеше күн бұрын Улан-Батордың бұрынғы әкімі Хишгээгийн Нямбаатардың тікелей эфирде айтқан мәлімдемесі себеп болды. Ол теміржол құрылысына қатысты пара алғандардың қатарында президент Ухнаагийн Хүрэлсүх те бар деп мәлімдеген.

Алайда бұл айыптаулар әзірге сотта дәлелденген жоқ. Президент кінәсі де заңды түрде анықталмаған.

Дәлелдер табылмай жатыр

Моңғолияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі 110 млн доллар көлеміндегі қаражаттың қолма-қол ақша түрінде таратылғанын растайтын дәлелдер табылмағанын хабарлады.

Сонымен бірге тергеу барысында 286 млрд моңғол тугригі көлемінде алдын ала төлем аударылғаны анықталды Вице-премьер Нямтайширын Номтойбаяр бұл қаражат көмір сатып алу жөніндегі келісімдерге байланысты болғанын түсіндірген. Агенттік мәліметінше, тергеу жалғасып жатыр. Қаржылық операциялар мен қаражаттың жұмсалу мақсаты зерттеліп жатыр.

Президент Хүрэлсүх те тергеумен ынтымақтасуға дайын екенін мәлімдеген. Оның отставкасы парламент мақұлдаған жағдайда ғана күшіне енеді.

Back to top button