Астана жолдарында жүргізушісіз көліктер сынақтан өтеді

Астанада жүргізушісіз жүретін автокөліктерді қала көшелерінде сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Құжатқа сәйкес, елордада басқару жүйесі шартты және жоғары деңгейде автоматтандырылған автокөліктерді енгізу жөніндегі пилоттық жоба қолға алынбақ. Ол үшін арнайы сынақ полигондары ғана емес, қаладағы жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардың жекелеген бөліктері де қарастырылып отыр. Яғни жүргізушінің тұрақты қатысуынсыз қозғала алатын көліктер болашақта Астананың көшелерінде сынақтан өтуі мүмкін.
Жүргізушісіз көліктер қалай сыналады
Әкімдік ұсынған жоба үш жылға есептелген. Осы мерзім ішінде автоматтандырылған көліктердің нақты жол жағдайында қаншалықты қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істейтіні тексерілмек. Сондай-ақ оларды жалпы жол қозғалысына қатыстыру үшін қандай талаптар қойылуы керектігі айқындалады.
Құжатта көлікті автоматты басқарудың екі деңгейі көрсетілген. Біріншісі – шартты автоматтандыру. Мұндай жүйе белгілі бір жағдайларда көлікті өздігінен басқара алады. Алайда жүргізуші жолдағы ахуалды бақылап, қажет болған сәтте басқаруды өз қолына алуға дайын болуы тиіс. Екіншісі – жоғары деңгейдегі автоматтандыру. Бұл жағдайда автокөлік белгіленген пайдалану шарттары аясында адамның тұрақты бақылауынсыз қозғала алады. Демек, сынаққа қатысатын көліктердің барлығы бірдей толықтай жүргізушісіз жүрмейді. Олардың кейбірінде адамның бақылауы қажет болса, енді бірі белгілі бір жағдайларда өздігінен басқарылуы мүмкін.
Астананың қай көшелерінде жүреді
Әзірге бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ. Жарияланған қаулы жобасында жүргізушісіз көліктердің Астананың қай көшелері мен аудандарында сынақтан өткізілетіні көрсетілмеген. Сондай-ақ жобаға қанша автокөлік тартылатыны және оларды пайдалануға қандай талаптар қойылатыны да нақтыланбаған.
Құжатты Астана қаласының әкімдігі әзірлеген. Қазіргі уақытта жоба қоғамдық талқылау кезеңінде тұр. Талқылау 2026 жылғы 2 желтоқсанға дейін жалғасады.