TOP-2Тергеу

ҚазҰУ студентінің өлімі: проректор мен декан қызметінен босатылды

Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің өлімінен кейін проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды. Бұл туралы университеттің ресми мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Басшылар тәрбие жұмысындағы кемшіліктер мен студенттер жатақханасындағы қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін қызметінен кеткен. Сонымен қатар қайғылы оқиға болған күні кезекшілікте тұрған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. 

Марқұмның туыстары не дейді?

Көз жұмған Дауыл Бәкіртай – ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті. Ол Шымкент қаласының тумасы, отбасындағы бес баланың төртіншісі болған. Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға алдында екінші курс студенттері Дауылды және тағы бір бірінші курс студентін бөлмеге шақырып, соққыға жыққан.

«Мәйітханада Дауылдың жүрек тұсына бірнеше соққы тигенін айтты. Қолымызда бұл туралы медициналық құжаттар да бар», – дейді туыстары.

Олардың сөзінше, Дауыл бұған дейін де жатақханада жоғары курс студенттері тарапынан қысым көрген. Бұл дерек әзірге тергеу органдары тарапынан расталған жоқ.

Полиция күдіктіні ұстады

Алматы қалалық полиция департаменті студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Сондай-ақ барлық студенттік жатақханада кешкі бақылау күшейтіліп, студенттерге психологиялық көмек көрсету шаралары енгізілген. 

Айта кетейік, бұл – соңғы он күн ішінде ҚазҰУ-да тіркелген екінші қайғылы жағдай. 6 қарашада университеттің студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмған болатын.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button