Қазақстан 68,4 млрд доллардың өнімін экспорттаған: мұндай өсім немен байланысты
Ел экспорты жыл басталғалы тоғыз айда 68,4 миллиард долларға жетіп, соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткішті тіркеді. Бір қарағанда, бұл ел экономикасы үшін қуанышты жаңалық. Алайда экспорттан түскен кірістің артуына қазақстандық өнім көлемінің көбеюі емес, негізінен мұнай мен басқа да шикізат тауары бағасының қымбаттауы әсер еткен, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Экспорт көлемі неліктен күрт өсті
Экономист Руслан Сұлтанов өзінің Tengenomika арнасында елдің сыртқы сауда көрсеткіштеріне талдау жасаған. Оның мәліметінше, биыл қаңтар-қыркүйек айларында экспорт көлемі ақшалай мәнде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,1 пайызға өсіп, 68,4 миллиард долларға жетті. Мұндай көрсеткіш соңғы рет 2013 жылы тіркелген. Осы жылдың алғашқы тоғыз айында импорт көлемі де артқан. Көрсеткіш 4 пайызға өсіп, 48,4 миллиард долларды құрады. Ал экспорт пен импорт арасындағы оң сауда сальдосы 20,1 миллиард долларға дейін ұлғайды. Дегенмен Сұлтанов экспорттық кірістің өсуі Қазақстан шетелге бұрынғыдан көбірек өнім сата бастады деп қабылдамауға болмайтынын айтады.
Экономист экспорттан түсетін кіріс жыл басталғалы бірқалыпты өсім көрсетпегеніне де назар аударды. Қаңтар-мамыр айларында айлық көрсеткіш 5,9-6,5 миллиард доллар аралығында болса, жаз айларында 9,5-10,2 миллиард долларға дейін күрт көтерілген. Бұл кезеңде Иран мен АҚШ арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты әлемдік нарықта мұнай бағасы да өсті. Мәселен, жазда Қазақстан экспорттайтын мұнайдың бір тоннасының орташа бағасы 784-844 долларға жетті. Ал жыл басында бұл көрсеткіш 470-600 доллар аралығында болған.
Сонымен қатар Қазақстан мұнайының экспорт көлемі керісінше азайған көрінеді. Тоғыз айда шетелге 53,1 миллион тонна мұнай жеткізіліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4 пайызға төмендеген. Соған қарамастан мұнайдан түскен кіріс 4 миллиард долларға артты.
Экспорт өсімінің негізгі бөлігі мұнаймен өлшеніп тұр ма
Қазақстан экспортының артуына мұнайдан бөлек, металдар да айтарлықтай үлес қосқан. Мәселен, катодты мыс экспортынан түскен кіріс 55 пайызға өскен. Бұл ретте жеткізу көлемі 12 пайызға артса, бір тонна мыстың бағасы 38 пайызға қымбаттаған.
Уран экспортынан түскен табыс та 29 пайызға көбейді. Ал жеткізу көлемінің өсімі 10 пайызды құраған. Экономист есебінше, мұнай мен металдар Қазақстан экспорты өсімінің шамамен 75 пайызын қамтамасыз еткен. Демек, сыртқы саудадағы оң динамиканың едәуір бөлігі әлемдік шикізат нарығындағы бағаға тәуелді болып отыр Бұл жағдай теңге бағамына да ықпал етуі мүмкін. Алайда ұлттық валюта бағамы экспорттаушылардың валюта сату көлеміне, импортқа деген сұранысқа және қаржы ағындарына да байланысты. Мұнай бағасының өсуі мемлекеттік бюджетке қосымша кіріс әкелгенімен, мұндай түсімдердің тұрақтылығы әлемдік нарықтағы бағаға тәуелді.
Руслан Сұлтановтың пікірінше, Қазақстан үшін басты міндет – шикізат экспортына тәуелділікті азайтып, өңделген өнім мен қосылған құны жоғары тауарлардың шетелге жеткізілу көлемін арттыру. Экономист экспорттың тарихи максимумға жеткенін атап өткенімен, оның тұрақтылығы әлі де шикізат бағасына байланысты екенін ескертеді. Сондықтан ел экономикасы үшін өңдеу өнеркәсібін дамытып, шикізаттық емес экспорт үлесін көбейту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.