TOP-1Ерекше

Қазақстанға биыл кімдер келді? Тоқаев қай елдерге барды

2026 жылдың 10 айында Қазақстан бірнеше елдің басшысын мемлекеттік және ресми сапармен қабылдады. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге жасаған сапарларында экономикалық серіктестікті кеңейту, инвестиция тарту және халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Әсіресе АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысуы Қазақстан дипломатиясының биылғы маңызды оқиғаларының бірі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстанға кімдер келді

Жыл басынан бері Қазақстанға жеті мемлекет басшысы екіжақты қатынастар аясында арнайы сапармен келді. 27 ақпанда Сербия Президенті Александр Вучич Астанаға ресми сапар жасады. Келіссөздерде сауда, инвестиция, құрылыс, қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық талқыланды. Сол кезде Қазақстанда 60-тан астам сербиялық компания жұмыс істеп жатқаны айтылды.

27 сәуірде Израиль Президенті Ицхак Герцог Қазақстанға ресми сапармен келді. Тараптар экономикалық байланыстарды кеңейту, жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық және Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу мәселесін талқылады.

13 мамырда Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның мемлекеттік сапары өтті. Келіссөздер сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға арналды.

Фото: Ақорда

19-20 маусымда Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстанға екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы ресми сапарын жасады. Келіссөздерде көлік, логистика, энергетика, құрылыс, цифрлық даму және туризм салаларындағы әріптестік қарастырылды.

Күзде Қазақстанға Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ (5-6 қазан), Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильда (11-14 қазан), Иордания Королі II Абдалла (5 қараша) келді. Оман Сұлтаны мен Бельгия Королінің сапарлары екі ел тарихындағы алғашқы мемлекеттік сапарлар болды. Кездесулерде энергетика, аса маңызды минералдар, мұнай-химия, көлік-логистика, жаңартылатын энергия және технология салаларындағы ынтымақтастық талқыланды.

Тоқаевтың сапарлары

Жыл басында Президент Швейцарияның Давос қаласында Дүниежүзілік экономикалық форум аясында бірқатар кездесу өткізді. 22 қаңтарда АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды. Бұл Қазақстанның аталған халықаралық құрылымның негізін қалаушы елдердің қатарына қосылғанын білдірді.

Ақпанның басында Пәкістанға мемлекеттік сапар жасады. Исламабадта Президент Асиф Али Зардари және Премьер-министр Шахбаз Шарифпен келіссөз жүргізді. Нәтижесінде Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойылды. Көлік дәліздерін дамыту, сауда, энергетика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.

Фото: Ақорда

Орталық Азия жөніндегі сарапшы Андрей Казанцев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиядағы белсенділігін қазіргі геосаяси ахуалмен байланыстырады.

– Қазақстанға көпвекторлы сыртқы саясатын жүргізу қазіргі жағдайда оңай емес. Серіктес елдердің қатарында Шығыс пен Батыстың жетекші мемлекеттері бар, ал олардың кейбірі өзара бәсекелесіп, тіпті қақтығысып отыр. Мұндай жағдайда тепе-теңдікті сақтау үшін кәсіби дипломатия мен белсенді сыртқы саясат қажет. Сонымен бірге сыртқы саясатты экономикалық және ішкі саясатпен ұштастыру маңызды. Осындай күрделі халықаралық жағдайда көпвекторлы бағыт Қазақстан үшін стратегиялық ресурс болып қала береді, – деді Андрей Казанцев.

Вашингтон сапары: Қазақстан Газа мәселесі бойынша не ұсынды

19-20 ақпанда АҚШ-қа барған Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонда Дональд Трамп бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысты. Бұл сапардың басты мазмұны Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыру және Газа секторын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерге Қазақстанның қатысуы болды.

20 ақпандағы отырыста сөйлеген сөзінде Президент Қазақстанның Газа секторын қалпына келтіруге қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, қазақстандық компанияларды тарта отырып, тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар мен инфрақұрылым нысандарын салу мүмкіндігін ұсынды.

Қазақстан Палестина студенттеріне бес жыл ішінде отандық жоғары оқу орындарында білім алу үшін 500-ден астам грант бөлуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұған қоса, азық-түлік көмегін көрсетуге, электрондық үкімет саласындағы тәжірибесін бөлісуге, көшпелі госпиталь құру үшін медицина мамандарын және Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге дайын екенін жеткізді.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғанын да атап өтті. Бұл шешімді Таяу Шығыста бейбітшілік пен экономикалық-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қадам ретінде түсіндірді.

Көктемде Тоқаев Өзбекстанның Бұхара қаласына жұмыс сапарымен барып, Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді. Сәуірде Түркияның Анталия дипломатиялық форумына қатысты.

Жазда Қытайдың Шанхай қаласында Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізіп, Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысса, күзде Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапар жасап, екіжақты қатынастарды стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтеру жөнінде келіссөз жүргізді.

29-30 қыркүйекте Германияға ресми сапармен барып, Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен бірлескен декларация қабылдады.

Back to top button