Қазақстан зейнетке шыққаннан кейін өмір сүруге қолайлы үздік елдер тізіміне енді
Қазақстан 2026 жылғы Marsh CFA Institute Global Pension Index халықаралық зейнетақы жүйелері рейтингінде 55 ел мен аумақтың арасында 29-орынға ие болды. Еліміз 100 мүмкін балдың 64,8-ін жинап, АҚШ, Испания, Қытай, Жапония, Италия және Оңтүстік Кореядан озып шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Рейтингті жасау барысында сарапшылар зейнетақы төлемдерін, ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты және зейнетақы қорларын басқару сапасын бағалады.

Қазақстан зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы көрсеткіші бойынша ең жоғары нәтижелерінің бірін көрсетті. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз 74,4 балл жинап, әлемде 8-орынға ие болды. Бұл зейнетақы төлемдерін ұзақ мерзімді перспективада қамтамасыз ету мүмкіндігінің бағасын көрсетеді.

Қазақстан зейнетақы жүйесін реттеу және басқару сапасы бойынша да жоғары нәтиже көрсетті – 100 мүмкін балдың 83-ін жинап, 19-орынға тұрақтады.
«Қазақстанның зейнетақы жүйесі табыс деңгейі әртүрлі азаматтар үшін салықтарды шегергеннен кейін жоғалған табыстың зейнетақымен алмастырылуының жеткілікті жоғары коэффициентін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қызметкерлердің кәсіптік зейнетақы бағдарламаларымен кеңінен қамтылуымен сипатталады. Бұдан бөлек, жүйе тиімді реттеу және басқару тетіктерімен, зейнетақы жүйесіне қатысушылардың құқықтарын қорғаудың жоғары деңгейімен және азаматтарды ақпараттандыру жұмысының жақсы жолға қойылуымен ерекшеленеді», – деп жазылған сарапшылар қорытындысында.
Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 – әлемнің 55 зейнетақы жүйесін төлемдердің жеткіліктілігі, тұрақтылығы және сенімділігі көрсеткіштері бойынша салыстыратын жыл сайынғы халықаралық рейтинг.