«Пәтерақы 310 мың теңге, жұмыс табу қиын»: алпыс жасында Вьетнамға көшкен қазақтың оқиғасы
Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы, 60 жастағы Мұрат есімді қазақстандық Вьетнамның Нячанг қаласына көшіп барғанын айтып, әлеуметтік желіде көпшіліктің назарын аударды. Оның көшуі туралы видеосы 1,7 миллион қаралым жинап, қызу талқыға түскен. Ер адам шетелге қоныс аударуына денсаулығы себеп болғанын түсіндіріп, Вьетнамдағы баспана бағасы, күнделікті шығындар, жұмыс табу және виза мәселелері туралы айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Елімді тастап кеткен жоқпын»
Қызылорда облысы Қазалы ауданынан шыққан 60 жастағы Мұрат бұған дейін Алматыда тұрған. Ол жақында әлеуметтік желіде Вьетнамға көшкені туралы видео жариялап, көпшіліктің қызығушылығын тудырған. Ер адамның айтуынша, алғашқы видеосы 1 миллион 700 мың қаралым жинаған. Жарияланымға 43 мыңға жуық пікір жазылған.әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінген. Бірі оның шешімін қолдаса, енді бірі туған елін тастап кеткенін айтып сынаған.
«Жақында «Вьетнамға көшіп келдім» деп видео жариялаған едім. Сол видеом 1 миллион 700 мың қаралым жинады. Пікір жазғандардың арасында мені сынап, «Елін тастап көшіп кетті» дегендер де, дұрыс жасағанымды айтқандар да бар. Баршаңызға көп рақмет», – дейді ол.
Мұраттың сөзінше, шетелге қоныс аударуының басты себебі – денсаулығы.
«Алматыда жүргенде қан қысымым жиі көтерілетін6 сол себепті теңіз жағасындағы климат денсаулығыма жақсы әсер етеді деген оймен Вьетнамға көшіп келдік: Осында наурыз айына дейін боламыз», – дейді қазақстандық.
Қазір ол Нячанг қаласында жұбайымен бірге тұрып жатыр. Әлеуметтік желі арқылы жергілікті тұрмыс-тіршілікті, тұрғын үй жағдайын және күнделікті өмірін көрсетіп жүр.
«Мен өзімді блогермін деп айта алмаймын. Жай ғана видео түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап жүрген адаммын. Біз мұнда арнайы жұмыс істеп жүрген жоқпыз. Тек көрген-білгенімізді көрсетіп, адамдармен бөлісеміз», – дейді Мұрат.
Оның айтуынша, Нячангта күнделікті өмірге қажетті инфрақұрылым бар. Тұрғын үй кешендерінде дүкендер, дәріханалар және басқа да қажетті қызмет көрсету орындары орналасқан.
«Екі бөлмелі пәтерге 310 мың теңге төлейміз»
Мұрат Вьетнамдағы тұрғын үй бағасына да тоқталды. Оның айтуынша, өзі тұрып жатқан екі бөлмелі пәтердің ай сайынғы шығыны коммуналдық төлемдерді қоса есептегенде шамамен 310 мың теңгені құрайды.
«Біз екі бөлмелі пәтерде тұрамыз. Коммуналдық төлемдерімен бірге айына шамамен 310 мың теңге шығады. Осы үйде бір бөлмелі студиялар да бар. Олардың бағасы шамамен 10 миллион вьетнам донгі, яғни 400 доллардың айналасында», – дейді ол.
Оның сөзінше, Нячангта бұдан арзанырақ баспана нұсқаларын да табуға болады. Мәселен, қонақүй үлгісіндегі бір бөлмелі апартаменттердің кейбірі айына 5–6 миллион вьетнам донгіне ұсынылады. Дегенмен баға орналасқан жеріне, жөндеу сапасына және меншік иесінің талабына байланысты өзгеріп отырады.
«Біздің Қазақстандағы сияқты ғой. Пәтердің бағасы қай жерден табатыныңа, жөндеуіне, иесіне байланысты. Әртүрлі нұсқалар бар», – деп түсіндірді ол.
Ол тұрғын үйді жалға алу кезінде қосымша кепілақы талап етілетінін айтты. Кей жағдайда жалға алушы бір айлық төлем көлемінде депозит қалдыруы керек. Мұраттың айтуынша, Вьетнамда азық-түлік салыстырмалы түрде арзан болғанымен, тұрақты табыссыз өмір сүру оңай емес.
«Екі адам болып тұрамыз. Тамаққа, пәтерге, басқа да қажет нәрселерге ақша кетеді. Тамақ арзан болғанымен, баспана шығыны бар, сондықтан мұнда келетін адамның міндетті түрде ақшасы немесе тұрақты табысы болуы керек», – дейді ол.
Ер адам шетелге көшуді жоспарлаған қазақстандықтарға қаржылық мүмкіндігін алдын ала есептеуге кеңес береді.
«Біздің жаста жұмыс табу қиын»
Мұрат Вьетнамда жұмыс табу мәселесіне де тоқталды. Оның байқауынша, әсіресе егде жастағы шетел азаматтарына жергілікті еңбек нарығына орналасу оңай емес.
«Біздің жастағыларға жұмыс табу өте қиын. Құрылыс жұмыстарына да шетелдіктерді оңай ала бермейді. Көп жұмысты жергілікті тұрғындардың өздері істейді», – дейді ол.
Мұраттың сөзінше, Нячангта туризм саласында кәсіп ашып, өз бетінше жұмыс істеп жүрген шетелдіктер бар. Олардың арасында туристік агенттіктермен айналысатындар да кездеседі, алайда ол Вьетнамға келген адамның бірден жұмыс тауып, табыс табатынына сеніп келмеуі керектігін ескертеді.
Қазақстандық зейнет жасына жақындаған адамдар үшін тұрақты жұмысқа орналасу әсіресе күрделі болуы мүмкін екенін айтады. Бұдан бөлек, Мұрат Вьетнамдағы визалық жағдайы туралы бөлісті. Оның айтуынша, олар елге электрондық визамен (E-visa) келген. Қазір үш айлық визасының мерзімі аяқталуға жақын.
«Біздің үш айлық визамыз бітуге жақын. Одан кейін не істейтінімізді көреміз. Камбоджаға шығамыз ба, Таиландқа барамыз ба, әлде Малайзияның Куала-Лумпур қаласына барамыз ба – әлі шешкен жоқпыз. Қазақстанға барып-қайту билеті қымбат, сондықтан осы маңдағы өзге елге шығып, қайтып келеміз», – дейді ол.
Мұрат әлеуметтік желідегі парақшасын жүргізуді жалғастыратынын айтып, қолдау көрсеткен оқырмандарына алғыс білдірді.
«Видеоларымызды көріп, парақшамызға жазылып, лайк басып отырыңыздар. Біз көрген-білгенімізді сіздермен бөлісіп жүрміз. Көп адам көрсін деген ниетіміз бар. Қызықтыратын сұрақтарыңыз болса, жазыңыздар, білгенімізді айтып береміз», – деді ол.
Осылайша, Нячангқа денсаулығына байланысты көшкен қазақстандық өзінің шетелдегі өмірін әлеуметтік желі арқылы көрсетіп, оқырмандарына баспана, күнделікті шығындар мен жергілікті тұрмыс туралы ақпарат беріп жүр.