Қоғам

«Қылтима, жеделсаты, субұрқақ»: Тоқаев қажеті жоқ жасанды сөздерді атады

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қисынсыз аудармаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Қолданыс аясы кеңейген сөздер

Мемлекет басшысы алдымен қазақ тілінің басқа іргелес елдер тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза деп айту орынды екенін жеткізді.

«Мысалы, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған «тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып» сияқты сөздер тілімізде кең қолданыс тапты. Бұл – жақсы дүние», – деді Тоқаев.

Кей сөздер қолданыстан алына ма

Ол сөз арасында әр жақсы құбылыстың шегі болуы керектігін айтып, қажеті жоқ жасанды сөздерді атады.

«Мысалы, «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты», – деді Президент.

Жұмыс тобы құрылады

Оның айтуынша, соңғы кезде дінге қатысты көне сөздердің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар көрінеді. Президент тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды екенін мәлімдеді.

«Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі», – деді Тоқаев.

Back to top button