Норвегияның әйгілі шахматшысы Магнус Карлсен Еуропада өтіп жатқан супертурнирде қазақстандық Бибісара Асаубаеваға қарсы соңғы партияға қатысудан бас тартты. Соның салдарынан оған техникалық жеңіліс тіркеліп, Асаубаеваның еншісіне 8 ұпай жазылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Карлсен неге ойыннан бас тартты
17 қарашада өткен алғашқы ойын күні норвегиялық гроссмейстер үшін сәтті басталды. Карлсен блиц форматындағы төрт партияның үшеуінде жеңіске жетіп, біреуін тең аяқтады. Кейін рапид форматындағы екі кездесуде де қарсыласынан басым түсті. Осылайша, ол ойын күнінің қорытындысы бойынша басымдықты бірден өзіне алды. Алайда Карлсен бұдан кейін жоспарланған, классикалық шахматтың жеделдетілген форматындағы соңғы партияға қатыспау туралы шешім қабылдады. Ұйымдастырушылар оған техникалық жеңіліс тіркеп, 8 ұпайды Бибісара Асаубаеваға берді.
Норвегиялық шахматшы кейін өз шешімінің себебін түсіндірді. Оның айтуынша, матчтың нәтижесі алдын ала белгілі болған жағдайда қосымша партия өткізудің еш мәні жоқ.
«Менің түсінуімше, классикалық партия болмайды, матч аяқталды. Ойынға шықпаудың жалғыз салдары – ешқандай маңызы жоқ партияда жеңілген болып есептелесің. Егер бұл әлем чемпионаты болып, нәтиже ұпай санына әсер етсе, мұндай талапты түсінуге болар еді», – деді Карлсен.
«Матч аяқталса, аяқталды»
Карлсен турнирдің өткізілу тәртібіне де қатысты пікір білдірді. Ол нәтижесі шешіліп қойған кездесуден кейін қосымша партияларды міндетті түрде өткізуді орынсыз деп санайды.
«Бірақ бұл шоу-турнир емес. Егер матч аяқталса, демек, аяқталды. Оның үстіне, бұдан кейін ойналатын партиялар рейтингке әсер етпеуге тиіс. Өйткені бұрыннан қалыптасқан тәртіп осындай болатын. Ал егер ұйымдастырушылар мұнда бәрін басқаша жасағысы келсе… Жарайды. Бұл мәселеге қатысты менің шешімім осындай», – деді норвегиялық гроссмейстер.
Осылайша, Карлсен соңғы партияға қатыспағанымен, алғашқы ойын күніндегі басымдығын сақтап қалды. Ал Асаубаева қарсыласының ойынға шықпауына байланысты 8 ұпай иеленді.
Айта кетейік, 18 қарашада Бибісара Асаубаева мен Магнус Карлсен арасындағы бәсеке жалғасады. Екінші ойын күні шахматшылар тағы жеті партия өткізуі тиіс.