Ресейдің Кемерово облысында Ан-12 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 19 адамның бәрі қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға техникалық ақау себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Әскери ұшақ елсіз жерге құлаған
Әуе апаты 17 қарашада Кемерово облысындағы Ягуново ауылының маңында болған. Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Ан-12 әскери-көлік ұшағы жоспарлы ұшу тапсырмасын орындау кезінде апатқа ұшыраған. Ұшақ елсіз жерге құлаған.
«Ұшақ бортында экипаж мүшелерін қосқанда 19 адам болған. Олардың барлығы қаза тапты», – деп мәлімдеді Ресей Қорғаныс министрлігі.
Оқиға орнына Кемерово облысының губернаторы Илья Середюк барған. Апат болған аумақта жедел штаб құрылып, құтқарушылар, медицина қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдері жұмылдырылды. Ұшақ құлаған жер қоршауға алынып, мамандар оның сынықтарын зерттеуге кірісті.
Апаттың алдын ала себебі айтылды
Ресей қорғаныс министрлігінің алдын ала болжамына сәйкес, әскери ұшақтың құлауына техникалық ақау себеп болуы мүмкін. Алайда апаттың нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Түпкілікті қорытынды тергеу мен техникалық сараптама аяқталғаннан кейін жарияланады.
Қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін апат орнына Ресейдің Әуе-ғарыш күштерінің арнайы комиссиясы жіберілді. Сонымен қатар Ресей Тергеу комитетінің Бас әскери тергеу басқармасы ұшақтың құлауына байланысты қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында әскери ұшақтың техникалық жағдайы, ұшу қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және апатқа әкелуі мүмкін өзге де мән-жайлар тексеріледі.