«Пайызсыз несие» ұсынған қаржы пирамидасының ісі сотқа жолданды
Қазақстанда баспана мен автокөлік алуға «пайызсыз» несие ұсынған «Buyers Union» қаржы пирамидасына қатысты тергеу аяқталды. Ұйым 332 азаматпен жалпы сомасы 562 миллион теңгеден асатын келісімшарт жасасқан. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырды деген күдікке ілінген бес адамға қатысты тергеуді аяқтады. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қаржы пирамидасы қалай жұмыс істеген?
Тергеу мәліметінше, күдіктілер өз қызметін заңды етіп көрсету үшін тұтыну кооперативі мәртебесін пайдаланған. Ірі бизнес орталықтарынан кеңселер жалдап, еліміздің бірнеше өңірінде өз бөлімшесін ашқан. Ұйымның кеңселері Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Тараз, Шу, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ басқа да елді мекендерде жұмыс істеген.
«Buyers Union» әлеуметтік желіде азаматтарға баспана немесе автокөлік сатып алу үшін «пайызсыз» қарыз алу, қолданыстағы несиелерін қайта қаржыландыру және Trade-in бағдарламасына қатысу мүмкіндігін ұсынған.
562 млн теңгеге келісімшарт жасалған
Кооператив мүшелерімен жұмыс істеу үшін «TrustContact» және «TrustMe» цифрлық платформалары қолданылған. Бұл жүйе арқылы азаматтар келісімшартты онлайн рәсімдеп, жеке кабинетінен салған ақшасын және кезектің жылжуын бақылап отырған.
Сот санкциясымен алты автокөлікке, сондай-ақ 5513 USDT және 1 003 Futeres көлемінде криптоактив тәркіленді.