TOP-1

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары сот шешімімен қамауға алынды

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев сот шешімімен қамауға алынды. Екі басшы да сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ҰҚК жауабы

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Tizgin.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевке қатысты сот шешімін жариялады.

Ведомство мәліметінше, олар 12 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал 14 қарашада тергеу сотының санкциясымен екі басшыға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

«12 қарашада аталған тұлғалар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды. 14 қарашада тергеу сотының санкциясымен оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр», – делінген ҰҚК жауабында.

Комитет қылмыстық істің мән-жайын әзірге жариялаған жоқ. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Айта кетейік, ҚТЖ басқарма төрағасы Елжас Отыншиев ұлттық компания басшысы қызметіне тағайындалғанына төрт ай да толмай жатып ұсталды.

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуы

Еске салайық, 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған.

Кейбір ақпарат көздері ақшаның ұлттық компаниялар басшыларына қатысты тергеумен байланысы болуы мүмкін екенін жазды. Сондай-ақ ұсталғандардың бірінің жұбайы тінту кезінде ақша салынған сөмкелер мен чемодандарды терезеден лақтырып жіберген деген болжам айтылды. Алайда бұл ақпараттар ресми түрде расталған жоқ.

13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесін өткізіп, ұлттық компаниялар басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді.

Тоқаев бұл жағдайды мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесінің күрделілігін көрсететін оқиға деп бағалады. Президент Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын азайту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Back to top button