Асыл тұқымды малға несие жетпей жатыр: шаруалардың шағымына министрлік не деді
Қазақстанда асыл тұқымды ірі қара малдың нарықтық бағасы мен мемлекеттік несиелеу бағдарламаларында қарастырылған есептік құны арасындағы айырмашылық шаруаларға қиындық туғызып отыр. Соның салдарынан кейбір фермерлерге несие мақұлданғанымен, бөлінген қаржы жоспарланған көлемдегі малды сатып алуға жетпейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл мәселені «Ауыл» партиясының Құрылтайдағы фракциясы көтеріп, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа депутаттық сауал жолдады. Министрлік 17 қарашадағы жауабында мал бағасының қалыптасу себептерін түсіндіріп, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жоспарларын таныстырды.
Асыл тұқымды малдың үлесі бес жылдан бері 12 пайыз деңгейінде
«Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары Ұлытау және Қостанай облыстарындағы шаруалардың өтініштерін зерделеп, отандық асыл тұқымды ірі қара санын көбейтуге кедергі келтіріп отырған мәселелерді анықтаған. Депутаттық сауалда Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарына назар аударылған. Құжат аясында Қазақстандағы ірі қара мал санын 12 миллион басқа дейін жеткізу көзделген.
Депутаттар келтірген дерек бойынша, 2026 жылғы 1 қаңтарда елдегі ірі қара саны 8,2 миллион басты құраған. Оның 994 мыңы ғана асыл тұқымды мал санатына жатады. Бұл жалпы мал басының шамамен 12 пайызы. Фракция өкілдерінің айтуынша, мемлекет тарапынан жыл сайын қомақты қаржы бөлінгенімен, соңғы бес жылда асыл тұқымды ірі қараның үлесі осы деңгейде қалып отыр. Олардың пікірінше, қолданыстағы мемлекеттік қолдау бағдарламаларына шаруаларды мал басын асылдандыруға ынталандыратын қосымша тетіктер енгізу қажет.
Мәселен, Ұлытау облысында «Жайлау» бағдарламасын іске асыруға 3,4 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта жалпы құны 2 млрд теңге болатын алты жоба мақұлданған, алайда депутаттар бұл жобалардың жүзеге аспай қалу қаупі бар екенін ескертті. Негізгі себеп – бағдарлама бойынша есептелетін асыл тұқымды мал бағасы мен нарықтағы нақты құнының сәйкес келмеуі.
Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар жануарларын нарықтағы бағадан төмен сатуға мүдделі емес. Ал сатып алушы фермерлер есептік және нарықтық баға арасындағы айырмашылықты өз қаражатынан өтеуге мәжбүр. Нәтижесінде несие мақұлданғанымен, бөлінген ақша жоспарланған мал санын сатып алуға жетпей жатады.
Депутаттардың мәліметінше, осындай қиындықтар «Игілік» және «Береке» бағдарламаларында да кездеседі. Осыған байланысты «Ауыл» партиясы фракциясы мемлекеттік бағдарламалардағы малдың есептік құнын анықтау тетігін қайта қарауды ұсынды.
«Біріншіден, бағдарламаларға мал бағасын бекітуде оның құнын есептеу механизмін қайта қарауды. Екіншіден, мал басын жаппай асылдандыру жұмыстарына «Асыл Түлік» ұйымының потенциалын тарта отырып, арнайы бағдарлама әзірлеп, оның ішінде малды қолдан ұрықтандыру технологиясын жаңғыртуды. Үшіншіден, асыл тұқымды малға (өнімге) мәртебе мен асыл тұқымдық куәлікті беру процессін цифрландыру арқылы автоматтандыруды және осыған байланысты республикалық палаталардың жұмысын тауарлы шаруашылықтардың өнімділігін көтеруге бағыттап, қайта заңдастыруды. Төртіншіден, асыл тұқымды репродукторларды саланың тағы бір жеке субъектісі ретінде заңдастыруды және олардың жұмысын мал басының генетикалық әлеуетін арттыру мақсатында селекциялық жұмысты оңтайландыру үшін ғылыми институттармен үйлестіру қажет», – деп жазылған депутаттық сауалда.
«Мал бағасы салмағына байланысты өседі»
Ауыл шаруашылығы министрлігі депутаттық сауалға берген жауабында 2026 жылғы 29 қаңтарда Үкіметтің №51 қаулысымен мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары қабылданғанын хабарлады. Министрліктің түсіндіруінше, жоспар аясында 2031 жылға қарай ірі қара санын 12 миллионға, ал ұсақ мал санын 28 миллион басқа дейін жеткізу міндеті қойылған.
Осы мақсатта асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға арналған «Игілік» және «Береке» несиелеу бағдарламалары іске қосылған. Олардың жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды. Сонымен қатар, жайылым инфрақұрылымын дамытуға, мал шаруашылығына қажетті жабдықтарды сатып алуға және басқа да шығындарды қаржыландыруға бағытталған «Жайлау» бағдарламасы жұмыс істейді. Депутаттар көтерген мал бағасы мәселесіне қатысты министрлік жануардың нарықтық құны бірнеше көрсеткішке байланысты қалыптасатынын түсіндірді.
Атап айтқанда, асыл тұқымды малдың бағасына оның жасы, тірідей салмағы және тұқымдық қасиеттері әсер етеді. Ведомствоның мәліметінше, жыл соңына қарай сатуға шығарылатын жас малдың салмағы артып, соған сәйкес бағасы да көтеріледі.
«Жыл соңында байқалатын бір бас малдың 750–850 мың теңге деңгейінде қалыптасуы бастапқы салмақ санатындағы жас мал құнының негізсіз өсуін білдірмейді. Керісінше, бұл тірідей салмағы жоғары малды сатып алумен және оны өсіруге жұмсалған қосымша шығындармен байланысты болуы мүмкін», – деп жазылған министрліктің жауабында.
Осыған байланысты ведомство фермерлерге асыл тұқымды мал сатып алуды алдын ала, негізінен жылдың басында жоспарлауды ұсынды.
Министрлік тірідей салмағы 200–230 келі болатын жас асыл тұқымды малды сатып алуға басымдық берген тиімді деп есептейді. Мұндай жағдайда шаруалар малды өз шаруашылығында өсіріп, жемшөп қорын және жайылым маусымын тиімді пайдалана алады. Осылайша, министрлік жыл соңында салмағы артқан малдың қымбаттауын бағдарламалардағы есептік құнды көтеруге жеткілікті негіз деп қарастырмайды.