Жаңалықтар

Қазақстандағы жолбарыстар қабан мен қасқыр аулай бастады

Қазақстанға Ресейден жеткізіліп, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына жіберілген Амур жолбарыстары жаңа ортаға бейімделіп, өздігінен аң аулай бастаған. Бұл туралы «Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

2026 жылдың мамырында Ресей Қазақстанға жолбарыстар популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы аясында төрт Амур жолбарысын берген. Олардың алғашқысы, Үміт есімді ұрғашы жолбарыс шілде айының соңында, ал Амур атты аталық жолбарыс қазан айының соңында табиғатқа жіберілген. Жыртқыштардың қоректік базасын қалыптастыру үшін резерват аумағына 300-ден астам бұғы мен құлан қоныстандырылды.

Жолбарыстар аң аулауды бастап кетті

Сергей Арамилевтің айтуынша, екі жолбарыстың да жағдайы жақсы. Олар мамандар белгілеген аумақта өздігінен қорек тауып жүр.

«Екеуінің де жағдайы қалыпты, аң аулап жүр. Ұрғашы жолбарыс тұрақты түрде аңшылыққа шыққан. Оның олжаларының арасында қабан, Бұқар бұғысы және қасқыр бар. Аталық жолбарыс та аң аулаған, бірақ нақты қандай жануарды ұстағанын әзірге білмейміз», – деді маман.

Жолбарыстар жұп құра ала ма

Қазақстан мен Ресей мамандары екі жолбарыстың жұп құрып, ұрпақ әкелуінен үмітті. Дегенмен олардың бір-біріне үйренісіп кететініне кепілдік жоқ. Үміт табиғатқа ертерек жіберілгендіктен, өз аумағына орналасып үлгерген. Мамандар аталық жолбарыс оның ізін тауып, жақындасады деп күтеді.

«Біз әдейі жынысы жетілген ересек жолбарыстарды таңдадық. Бұл жануарлардың әрекеті тек түйсікке байланысты емес. Кейде олар бір-бірін қабылдамауы да мүмкін», – деді Арамилев.

Екі жолбарыс жұп құра алмаса, аталығы табиғи түйсігімен басқа ұрғашы жолбарысты іздеуі мүмкін.

Қазақстанда 50 жолбарыс мекендеуі мүмкін

Жолбарыстардың қозғалысын бақылау үшін екеуіне де GPS құрылғысы орнатылған арнайы қарғыбау тағылды. Құрылғылар спутник арқылы олардың орналасқан жері туралы мәлімет береді. Бақылау нәтижесінде Үміттің тәулігіне 7–15 шақырым жүретіні анықталған.

Мамандардың айтуынша, оның қозғалысы, демалу ұзақтығы және аңшылық белсенділігі Ресейдің Хабаровск және Приморье өлкелеріндегі жабайы жолбарыстардың тіршілігіне ұқсас.

2027 жылы Қазақстанда тағы екі жолбарысты табиғатқа жіберу жоспарланып отыр. Қазір олар жас болғанымен, келесі жылы ересек жасқа жетеді.

Сергей Арамилев алдағы уақытта жыртқыштардың резерват аумағында қалай орналасқанын зерттеу маңызды екенін атап өтті. Бұл жаңа жолбарыстарды қай жерге және қанша мөлшерде жіберуге болатынын анықтауға мүмкіндік береді.

Қазақстандық мамандардың бағалауынша, бұл аумақта 50-ге дейін жолбарыс тіршілік ете алады. Ал ресейлік сарапшылар мұндай болжамға сақтықпен қарайды.

Мамандардың пікірінше, 10-15 жолбарыстан тұратын топ қалыптастыруға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, Амур жолбарысы – бұрын Қазақстан аумағын мекендеп, кейін жойылып кеткен Тұран жолбарысының генетикалық тұрғыдан ең жақын туысы. Қазақстандағы жолбарыстар популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы осы жыртқышты тарихи мекеніне қайта жерсіндіруге бағытталған.

Еске салсақ, жақында қазақ даласына екінші жолбарыс жіберілген еді.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button