Жаңалықтар

Қазақ даласына екінші жолбарыс жіберілді (Видео)

Қазақстанда екінші жолбарыс табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Амур есімді аталық жолбарыс енді «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында еркін тіршілік етеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

2026 жылғы 31 қазанда Амур есімді жолбарыс қазақ даласына жіберілді.

Жыртқыш табиғатқа жіберілер алдында ветеринариялық тексеруден және арнайы сынақтардан өткен. Мамандар оның денсаулығын, аң аулау дағдыларын, өздігінен қорек табу қабілетін және адамдарға қатысты мінез-құлқын бағалаған. Тексеру нәтижесінде Амурдың жабайы табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын екені анықталған. Жолбарыстың қозғалысын және жаңа ортаға бейімделуін бақылау үшін оған спутниктік бақылау қарғыбауы тағылды.

Бұған дейін, 31 шілдеде, Үміт есімді аналық жолбарыс табиғатқа жіберілген болатын. Мамандардың мәліметінше, ол резерват аумағына біртіндеп бейімделіп, өздігінен аң аулап жүр.

70 жылдан кейінгі оралу

Қазақстан аумағында жолбарыстардың табиғи популяциясы 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылған. Енді оларды тарихи мекеніне қайтару үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.

Осы мақсатта 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Содан бері оның аумағында табиғи экожүйені қалпына келтіру, жыртқыштардың қоректік қорын молайту және қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп келеді.

Бағдарлама аясында жолбарыстарға қорек болатын жабайы тұяқты жануарлардың санын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Резерватқа Бұқар бұғылары мен құландар жіберілді.

Атап айтқанда, 2026 жылғы қыркүйекте «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен «Іле-Балқаш» резерватына 30 құлан жеткізілген. Мамандардың пікірінше, табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіру мен қоректік қорды молайту жолбарыстардың жаңа ортаға бейімделуіне және болашақта олардың популяциясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жыртқыштардың қозғалысы қалай бақыланады

Жолбарыстарды табиғатқа қайтару бағдарламасында жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне де басымдық берілген.

Адамдар мен жыртқыштар арасында туындауы мүмкін қақтығыстардың алдын алу үшін арнайы топ құрылған. Оның мамандары жолбарыстардың қозғалысын қадағалап, жергілікті тұрғындармен тұрақты байланыс орнатады және күтпеген жағдайларға жедел әрекет етеді.

Жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтару – Қазақстандағы табиғи экожүйелерді қалпына келтіруге бағытталған ұзақмерзімді жобалардың бірі. Бағдарламаның түпкі мақсаты – Іле-Балқаш өңірінде жолбарыстардың табиғи жағдайда тұрақты өсіп-өнетін популяциясын қалыптастыру.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tizgin.kz (@tizginkz)

Back to top button