Түркістандық спортшылар әлем чемпионатында 17 алтын алды: екі чемпионға пәтер берілді
Үндістан астанасы Нью-Делиде өткен қол күресінен әлем чемпионатында Түркістан облысының спортшылары 17 алтын, 6 күміс және 9 қола медаль жеңіп алды. Әлемдік додада ел намысын қорғаған спортшылармен облыс әкімі Нұралхан Көшеров кездесіп, жеңімпаздарды марапаттады. Салтанатты жиында екі спортшыға пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
32 спортшы 32 медаль жеңіп алды
2026 жылғы 26 қазан мен 7 қараша аралығында Үндістанның Нью-Дели қаласында қол күресінен 47-ші әлем чемпионаты өтті. Оған 67 мемлекеттен 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасының сапында 70 спортшы өнер көрсетсе, оның 32-сі Түркістан облысының өкілдері. Өңір спортшылары халықаралық додада 17 алтын, 6 күміс және 9 қола медаль иеленіп, ел қоржынына қомақты үлес қосты.

Жеңімпаздармен кездескен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров спортшылардың жетістігін жоғары бағалап, олардың табысы жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Әлем чемпионатында алтын медаль алған спортшыларға облыс әкімінің Алғыс хаттары мен ақшалай сертификаттар табысталып, екі спортшыға пәтер кілті берілді.
«Бұл додаға әлемнің 67 елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Еліміздің намысын 70 спортшы қорғаса, оның ішінде Түркістан облысынан 32 спортшы қатысып, 17 алтын, 6 күміс, 9 қола жеңіп алды. Әрбір жеңістің артында спортшының табандылығы, қажырлы еңбегі және жаттықтырушылардың тынымсыз еңбегі тұр. Сіздердің жеңістеріңіз – жас ұрпаққа үлгі және үлкен мақтаныш», – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс басшысы өңірде бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын дамытуға, спорт инфрақұрылымын жетілдіруге басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ чемпиондарды тәрбиелеп келе жатқан «Шардара Армспорт» клубының жұмысына тоқталып, спортшыларға алдағы халықаралық жарыстарда табыс тіледі.
Әлем чемпионатында ерекше көзге түскендердің бірі – 85 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрдәулет Айдархан. Ол осымен 13-рет әлем чемпионы атанды. Ал 55 келіде белдескен Ердәулет Нұрмахан алтыншы мәрте әлемдік доданың жеңімпазы болды. 60 келіде Нұрсұлтан Алдан мен 65 келіде Ұлболсын Эльмурат әлем чемпионы атағын екінші рет иеленді.

Сондай-ақ Ұлжан Оралбай (60 келі) мен Ырысты Оразхан (70 келі) алтын медаль жеңіп алды. Мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы бәсекеде Ұлықбек Құралбаев (90 келі), Жарылқасын Рүстембек (50 келі), Бекжан Қожантай (65 келі), Асылжан Базарбай (70 келі), Асылжан Бекжігіт (75 келі), Тұрарбек Тұрғанбек (80 келі), Нұрболат Басымбек (85 келі) және Ердәулет Мұхамбетов (90 келі) әлем чемпионы атанды.
Шардарадан шыққан әлем чемпиондары
Түркістандық спортшылардың халықаралық аренадағы жетістігі Шардара ауданындағы «Шардара Армспорт» клубымен тікелей байланысты. 2001 жылы Арман Қарсыбаевтың бастамасымен құрылған спорт клубы ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қазақстандық қол күресінің ірі орталықтарының біріне айналды. Мұнда тәрбиеленген спортшылар әлемдік және құрлықтық жарыстарда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2001–2026 жылдар аралығында клубта дайындалған 150-ге жуық спортшы әлем чемпионы атанған. Бұдан бөлек, 119 спортшы әлем чемпионаттарының жүлдегері болды. Клуб тәрбиеленушілерінің арасында Әлем кубогын иеленген 26 спортшы және Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарында топ жарған 5 чемпион бар.
Шардаралық спортшылар Азия чемпионаттарында да айтарлықтай жетістікке жеткен. Осы уақытқа дейін клубтың 347 тәрбиеленушісі құрлық чемпионы атанса, тағы 284 спортшы жүлделі орындарға ие болған.