TOP-1Жаңалықтар

ҚазҰУ-да тағы шу: студент қыз өзін-өзі жаралады

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы бір төтенше жағдай тіркелді. Жоғары оқу орнының студенті өзіне дене жарақатын салған. Бұл ақпаратты Алматы қалалық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқиға туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде ақпарат тараған. Кейін Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі студент қыздың өзіне дене жарақатын келтіргенін растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оған қажетті медициналық көмек көрсетілген.

«Алдын ала мәлімет бойынша, оқу орындарының бірінде студент қыздың өзіне жеңіл дене жарақатын келтіру дерегі тіркелді. Оған медициналық көмек көрсетілді», – деп хабарлады полиция департаменті.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Алайда оқиғаның нақты қашан және қандай жағдайда болғаны әзірге жарияланған жоқ. Студенттің қазіргі жағдайы туралы да толық ақпарат берілмеді. Заңгер Мейірман Шекеевтің мәліметінше, студент қыз өз өміріне қол жұмсамақ болған. Дегенмен құқық қорғау органдары бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ. Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталмақ.

Бір айда екі студент қаза тапты: университет тексеріледі

Бұл – қараша айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тіркелген алғашқы қайғылы оқиға емес. Осы айдың басынан бері жоғары оқу орнының екі студенті көз жұмған. 6 қарашада журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, марқұм Алматыға Шымкент қаласынан білім алуға келген. Студенттің өліміне байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған. Алайда сол кезде университет басшылығы оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасамаған.

Ал 16 қарашада университет география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің қайтыс болғанын растады. Бұл дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Марқұмның анасы ұлының өліміне жоғары курс студенттерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтып, оқу орнындағы әлімжеттік мәселесін көтерген.

Бірінен кейін бірі болған қайғылы оқиғалар университеттегі студенттердің қауіпсіздігі мен психологиялық ахуалына қатысты сауалдарды көбейтті. Жоғары оқу орнында білім алушылардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі, студенттерге психологиялық көмек көрсету жүйесі қаншалықты тиімді деген мәселелер де өзекті бола түсті.

Осыдан кейін Ғылым және жоғары білім министрлігі екі бірінші курс студентінің қазасынан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кешенді тексеру жүргізілетінін хабарлаған.

Back to top button