Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақ тойларында белең алған ысырапшылдық, орынсыз бәсеке мен әдепсіз ойындар мәселесін көтерді, деп хабарлайды Tizgin.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бас мүфти қазақ тойындағы ысырапшылдықты сынға алды
Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Той – бабалар дәстүрі мен тағылымы» атты рухани кездесу өтті. Басқосуға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, белгілі журналист әрі диктор Зейін Әліпбек, елордалық асабалар мен ҚМДБ қызметкерлері қатысты.
Жиында кейінгі жылдары қазақ тойларында жиі байқалатын орынсыз шығын, бір-бірінен асып түсуге ұмтылу, аста-төк дастарқан жаю және әдепке жат ойындар ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Бас мүфтидің айтуынша, қазақ халқы ежелден қуанышын көпшілікпен бөлісіп, ағайын-туыстың басын қосып, той жасауды ізгі дәстүрге айналдырған. Алайда бүгінде кейбір тойлардың мәні өзгеріп, қуаныштың орнына бәсеке мен мақтан алдыңғы орынға шығып барады.

«Ислам дінін ғасырлар бойы ұстанған ата-бабаларымыз той жасағанда ең алдымен ағайынның басын қосып, бата алуға, үлкеннің ақ тілегіне, жастардың тәрбиесіне мән берген. Тойдың сәні қымбат әншіде немесе шектен шыққан безендіруде емес, елдің бірлігі мен ақ дастарқанда болған», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Осылайша, Бас мүфти тойдың сән-салтанатын оның қаншалықты қымбат ұйымдастырылғанымен емес, мазмұнымен және қоғамға берер тәрбиесімен бағалау қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, тойдың шынайы құндылығы – туыстық байланысты нығайтып, үлкеннің батасын алып, ұлттық салт-дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізуде.
Асабаларға қандай ұсыныс айтылды
Кездесуде той жүргізушілерінің жауапкершілігіне де ерекше назар аударылды. Бас мүфти асабалар тек көпшіліктің көңілін көтеретін жүргізуші ғана емес, тойдың мазмұны мен тәрбиелік бағытын қалыптастыруға ықпал ететін тұлғалар екенін жеткізді. Сондықтан той бағдарламасын әзірлегенде ұлттық тәрбиеге, әдепке және салт-дәстүрге басымдық беру маңызды екенін айтты.
«Той тек көңіл көтеретін жиын емес, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, дін мен дәстүр құндылықтарын бойына сіңіретін маңызды сәттің бірі. Тойда жастар үлкенді сыйлауды, туыстық қатынасты, ізеттілікті, бата алуды, ұлттық салт-дәстүрді көреді. Сондықтан тойдың бағдарламасы да тәрбиелік мазмұнда болғаны абзал. Бұған той иелері мен асабалар көбірек мүдделі болса дейміз», – деді Бас мүфти.
ҚМДБ төрағасы той иелері мен асабаларды мерекелік жиындардың мазмұнына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Оның пікірінше, қазақ тойында ұлттық дәстүр мен тәрбиелік құндылықтар сақталып, жастарға үлгі болатын өнегелі орта қалыптасуы қажет.
Кездесу барысында асабалар да қазіргі той өткізу мәдениетіне қатысты пікірлерін білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Жиынның негізгі мақсаты – қазақтың той жасау дәстүрін сақтай отырып, қоғамда белең алған ысырапшылдық пен орынсыз бәсекеге назар аудару, той мәдениетін ұлттық және рухани құндылықтар негізінде дамыту дейді басқарма.