Ипотека рәсімдегенде қосалқы борышкердің де табысы тексеріледі
Ұлттық банк қарыз алушы мен төлем қабілетін бағалау ережелеріне өзгерістер енгізуді ұсынады. «Ашық НҚА» порталында жарияланған жобаға сәйкес, енді ипотека мен автонесие рәсімдегенде тұрғындар кірісі мен борыш жүктемесін есептеу тетіктері қолданылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Банктер қолданатын әдіс
Негізгі жаңалықтардың бірі ипотекалық тұрғын үй қарыздары төңірегінде. Бұдан былай банктер ипотека берерде негізгі қарыз алушының ғана емес, онымен бірге несие рәсімдейтін қосалқы қарыз алушылардың да табысы мен қолданыстағы міндеттемелерін ескереді. Мұндай шара несиеге қатысушы барлық тараптың борышты уақтылы өтей алу мүмкіндігін нақты бағалауға бағытталып отыр.
Одан бөлек, егер тұрғын ипотекалық қарызын мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй төлемдері есебінен өтесе, банк төлем қабілеттілігін тексергенде осы төлемдерді де кіріс ретінде есептейді.
Ұлттық банк жеңілдіктерді ұзартуы мүмкін
Ұлттық банк тұрғын үй мен көлік алушыларға мұның алдында енгізілген жеңілдіктер мерзімін тағы ұзартуға ниетті. Нақтысында, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша берілетін баспана несиесі аясында борыштық жүктеме коэффициентінің ең жоғары деңгейін сақтау талабынан босату уақыты 2029 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылады.
Ал автокөлік сатып алуға берілетін несиелер үшін осындай жеңілдік 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін сақталмақ. Бұл банктерге азаматтың өзге де несиелері бар болып, ай сайынғы төлемдері белгіленген шектен асса да, тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы ипотека мен автонесие беруді жалғастыруға мүмкіндік береді.
Маңызды өзгерістің тағы бірі несиені қайта қаржыландыру шарттарын жеңілдетуге арналған.