Жаңалықтар

Қарағандыда әйелді бір жарым жыл аңдыған ер адамға үкім шықты

Қарағандыда әйелді бір жарым жылға жуық уақыт бойы үздіксіз аңдып, мазасын алған ер адамға сот үкімі шықты. Ол 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Аңдып, үйіне дейін барған

Сот мәліметінше, ер адам 2024 жылдың наурызынан бастап әйелді әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы да, күнделікті өмірде де мазалаған. Мәлім болғандай, алғашында ол жәбірленушіге түрлі хабарлама жіберіп отырды. Әйел оны бұғаттаған соң да ер адам ізіне түсуін тоқтатпаған. Керісінше, оның тұрғылықты жеріне барып, балағат сөздер айтып, жанжал шығарған.

Осы жылдың тамыз айында ер адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған. Дегенмен ол мұны да елемей, аңдуын қоймады. Содан жәбірленуші кезекті рет шағымданған соң іс сотқа жетті.

100 сағат жұмыс істейтін болды

Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес, яғни сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Аталған бапта 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы көзделген.

Әлихан Бөкейхан ауданы сотының баспасөз қызметі мәліметінше, сот үкімімен Б. есімді тұрғын 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Бұдан бөлек, оның мінез-құлқына бір жыл мерзімге ерекше талаптар белгіленді. Атап айтқанда, сотталушыға жәбірленушінің еркінен тыс оны іздеуге, аңдуға, жүрген жерлеріне баруға, ауызша және телефон арқылы сөйлесуге тыйым салынды.

Back to top button