Жаңалықтар

Димаш Құдайбергенге Мексикада WBC-дің құрмет белбеуі табысталды

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Мексикада Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрмет белбеуіне ие болды. Бұл туралы өнер иесі Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

19 қарашада Мексикадағы Palacio de los Deportes аренасында өткен шарада әншіге WBC-дің құрмет белбеуі табысталды. Димаш Құдайберген бұл марапатты қазақ өнерінің халықаралық деңгейде мойындалуы мен жаһандық мәдениеттегі жетістігінің белгісі деп бағалады.

Әнші әлеуметтік желідегі жазбасында бұл сәттің өзі үшін ерекше болғанын атап өтті.

«Сахна төрінде Дүниежүзілік бокс кеңесінің құрмет белбеуін алу – мен үшін үлкен мәртебе әрі өмірімдегі ұмытылмас сәттердің бірі», – деп жазды өнер иесі.

Оның айтуынша, спорт пен музыканың тілі бөлек болғанымен, екеуін біріктіретін ортақ құндылықтар бар. Олар – рухтың беріктігі, тәртіп, үздік болуға ұмтылу және әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды біріктіру қабілеті.

Әнші Мексика халқына алғыс айтты

Димаш Құдайберген WBC ұйымына көрсеткен құрметі үшін ризашылығын білдіріп, мексикалық жанкүйерлеріне де алғыс айтты.

«Мексика халқына сахнаға шыққан сайын көрсететін ыстық ықыласы, құрметі мен ерекше қолдауы үшін алғыс айтамын», – деді әнші.

Өнер иесі бұл белбеуді жай ғана сыйлық емес, достықтың, өзара сыйластық пен бірліктің нышаны деп санайтынын жеткізді.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button