TOP-1Жаңалықтар

Студент қыз өзін-өзі жаралады: ҚазҰУ оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзіне дене жарақатын салған студент қызға қатысты түсініктеме берді. Оқу орнының мәліметінше, студент жедел жәрдем қызметін өзі шақырған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы бір төтенше жағдай болғаны туралы ақпарат тараған еді. Онда студент қыздың өзіне дене жарақатын салғаны айтылған.

Алматы қаласының полиция департаменті мұндай оқиғаның тіркелгенін растағанымен, оның нақты қай оқу орнында болғанын жарияламады.

«Студент қыз жедел жәрдемді өзі шақырған. Дәрігерлік құпияны сақтау және заңнама талаптарына байланысты аурухана бізге науқастың денсаулық жағдайы туралы толық ақпарат берген жоқ. Біз студенттің ата-анасымен тығыз байланыстамыз. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта қыздың жағдайы тұрақты», – деп хабарлады университет әкімшілігі.

Бір айда екі студент қаза тапты: университет тексеріледі

Бұл – қараша айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тіркелген алғашқы оқиға емес. Осы айдың басынан бері жоғары оқу орнының екі студенті көз жұмған. 6 қарашада журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, марқұм Алматыға Шымкент қаласынан білім алуға келген. Студенттің өліміне байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған. Алайда сол кезде университет басшылығы оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасамаған.

Ал 16 қарашада университет география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің қайтыс болғанын растады. Бұл дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Марқұмның анасы ұлының өліміне жоғары курс студенттерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтып, оқу орнындағы әлімжеттік мәселесін көтерген.

Бірінен кейін бірі болған қайғылы оқиғалар университеттегі студенттердің қауіпсіздігі мен психологиялық ахуалына қатысты сауалдарды көбейтті. Жоғары оқу орнында білім алушылардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі, студенттерге психологиялық көмек көрсету жүйесі қаншалықты тиімді деген мәселелер де өзекті бола түсті.

Осыдан кейін Ғылым және жоғары білім министрлігі екі бірінші курс студентінің қазасынан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кешенді тексеру жүргізілетінін хабарлаған.

Back to top button