«Бұған жол беруге болмайды»: Тоқаев шаруалардың несиесіне қатысты тапсырма берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында екінші деңгейлі банктерді аграрлық саланы қаржыландыруға белсенді қатысуға шақырды. Президент фермерлерге ұзақ мерзімді, қолайлы шарттармен несие беру қажеттігін айтып, Үкімет пен жауапты министрлікке нақты тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Фермерлерге берілетін несиенің шарттары қайта қаралуы тиіс
Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығын дамыту үшін шаруалардың қаржы ресурстарына қолжетімділігін арттыру қажет. Бұл жұмысқа екінші деңгейлі банктер де белсенді атсалысуға тиіс.
«Бұл жөнінде де ұдайы айтып жүрміз. Әлбетте, оңай шаруа емес. Өйткені банктер – жекеменшік. Осы ретте кредитті шаруаларға қолайлы шартпен ұзақ мерзімге беру қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев несиені өтеу кестесін жасаған кезде ауыл шаруашылығы өндірісінің ерекшеліктерін ескеру маңызды екенін атап өтті. Атап айтқанда, қарызды қайтару мерзімі нақты өндірістік циклге сәйкес келуі керек. Сондай-ақ инвестициялық кезеңде негізгі қарызды өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастырған жөн.
«Фермерлер өнімін арзанға сатуға мәжбүр»
Мемлекет басшысы қазіргі несие шарттары кейбір шаруаларды қаржылық қиындыққа тап қылатынына назар аударды. Оның айтуынша, фермерлер несие бойынша алғашқы төлемді уақытында өтеу үшін жинаған өнімін нарықтағы қолайлы бағаны күтпестен, арзанға өткізуге мәжбүр болады.
«Фермерлер кредиттің алғашқы төлемін жабу үшін егінін жинап бола сала, өнімін арзан бағаға сатып жіберуге мәжбүр. Бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен министрлік осы мәселені шешуге кірісуі керек», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселенің маңыздылығын ерекше атап өтіп, айтылған ұсынысты нақты тапсырма ретінде қабылдауды талап етті.
«Әрине, мұны тілек қана емес, тапсырма деп түсініңіздер. Бәріміз бір елде тұрамыз, бір ауамен тыныстаймыз, бір жердің суын ішеміз. Сондықтан табыста аса үлкен алшақтық болмауы керек. Қаржы көздеріне қолжетімділік туралы түсінікте де айырмашылық болмағаны жөн», – деді Мемлекет басшысы.
«Масылдыққа орын жоқ»
Президент ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп жатқанын еске салды. Оның сөзінше, Қазақстан көптеген елдермен, соның ішінде көрші мемлекеттермен салыстырғанда аграрлық секторды қолдауға айтарлықтай қаражат бағыттап отыр, алайда мемлекеттік қолдау қаржыны тиімсіз пайдалануға немесе оған толық тәуелді болуға негіз болмауы керек.
«Шаруалар да мемлекетіміз көптеген, соның ішінде көрші елдермен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласына орасан зор қаржы құйып жатқанын түсінуге тиіс. Мұнда масылдыққа орын жоқ. Яғни бөлінген қаражат мақсатқа сай тиімді жұмсалуы керек», – деді Тоқаев.
Осылайша, Мемлекет басшысы Үкімет пен жауапты министрлікке фермерлерді несиелеу мәселесін шешуді тапсырып, банктердің аграрлық секторды қаржыландырудағы рөлін күшейту қажеттігін айтты.