Жаңалықтар

BBC Travel Алматыны 2027 жылы саяхаттауға арналған әлемдегі ең үздік 20 бағыттың қатарына қосты

Алматы BBC Travel басылымының жыл сайын жарияланатын «2027 жылы саяхаттауға арналған ең үздік 20 орын» (The 20 best places to travel in 2027) тізіміне енген Орталық Азиядағы жалғыз туристік бағыт атанды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Британдық басылым Іле Алатауының баурайында орналасқан қалаға келіп, заманауи өнермен, қазақтың дәстүрлі қолөнерімен және дала асханасымен танысуға кеңес береді.

Аталған тізімге Францияның Бургундия аймағы, Италияның Сардиния аралы, Канаданың Альберта провинциясы және Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласы да енді. Бағыттарды іріктеу барысында редакция туризмнің мәдени мұра мен табиғатты сақтауға, сондай-ақ жергілікті қауымдастықтардың дамуына тигізетін оң әсеріне ерекше назар аударған.

BBC Travel Алматының басты мәдени нысандары қатарында Almaty Museum of Arts өнер музейі мен «Целинный» заманауи мәдениет орталығын атап өтті. Басылым Орталық Азиядағы алғашқы ірі заманауи өнер музейі деп сипаттаған Almaty Museum of Arts 2025 жылы қыркүйекте ашылған. Оның қорында Қазақстан мен өңірдің өзге елдерінен шыққан суретшілердің туындылары ұсынылған. Ал «Целинный» орталығы британдық сәулетші Асиф Ханның жобасы бойынша қайта жаңғыртылған бұрынғы кинотеатр ғимаратында орналасқан. Қайта құру жұмыстары барысында суретші Евгений Сидоркиннің сграффито техникасында орындалған көркем туындысы қалпына келтірілді.

Басылым суретшілер мен дизайнерлердің өңірдің көшпелі мәдени мұрасына және тәңіршілдікпен байланысты бейнелерге ерекше мән беретінін атап өтеді. Қалалық галереяларда дәстүрлі қазақ қолөнерін заманауи тұрғыда жаңғыртып жүрген алматылық шеберлердің жұмыстарымен танысуға болады. BBC Travel 2027 жылы жазда Алматыға келуге тағы бір себеп ретінде The Spirit of Tengri халықаралық фестивалін атайды. Бұл фестивальде дәстүрлі музыка заманауи өңдеуде орындалады. 2026 жылы маусымда өткен фестиваль Абай алаңына 50 мыңға жуық көрермен жинаған.

Заманауи қазақ асханасымен танысу үшін BBC Travel Медеу шатқалында орналасқан Auyl мейрамханасына баруға кеңес береді. Сәулеті киіз үй пішінін еске түсіретін ғимаратта қонақтарға дала асханасының тағамдары заманауи үлгіде ұсынылады. Редакция ұсынған тағамдардың қатарында жылқы етінен дайындалған тартар мен шелпек қосылған жілік майы бар. Мейрамхананың интерьерін жасауға сәулетшілер, дизайнерлер мен қолөнер шеберлері қатысқан. Безендіру барысында кілемдер мен қолдан жасалған бұйымдар пайдаланылған. Тау көрінісі ашылатын бұл мейрамханаға Медеу мен Шымбұлаққа саяхат кезінде соғуға болады.

2027 жылы Cathay Pacific әуе компаниясы Гонконг пен Алматы арасында тікелей әуе рейстерін іске қосуды жоспарлап отыр. Гонконгтан алғашқы рейс 9 қаңтарға белгіленген.

BBC Travel болашағы зор туристік бағыттардың қатарында Нью-Йоркті де атап өтеді. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі 2027 жылы соңына дейін Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу жоспары туралы хабарлаған.

Президент тапсырмасы

Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде қала туризміне жеке тоқталған еді. Президент одан әрі қалаларымыздың келбеті шетелдік қонақтарды тәнті етіп жүргенін, бұл еліміздің туристік және инвестициялық тартымдылығын арттыратынын айтқан. Сондай-ақ осы жетістіктерді барлық өңірге таратып, «Таза Қазақстан» бастамасын жаңа идеялармен толықтыру қажеттігін атап өткен.

«Қазақстанды қонақжай әрі қауіпсіз ел ретінде таниды. Енді осы артықшылықтарымызбен қоса, тазалықты да ұлттық брендке айналдыруымыз керек» деген сол отырыста Мемлекет басшысы.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button