Жаңалықтар

Қызылорда облысында 9 жасар баласына көлік жүргізуге рұқсат берген әке айыппұл арқалады

Қызылорда облысының Арал ауданында 9 жасар баланың көлік жүргізгені анықталды. Сот шешімімен оның әкесіне айыппұл салынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген бақылау барысында кәмелетке толмаған баланың көлік тізгінінде отырған видеосын анықтаған.

Оқиға күндіз Арал ауданындағы көшелердің бірінде болған. Бейнежазбаны тексерген тәртіп сақшылары Toyota Sienna автокөлігін 9 жасар бала жүргізгенін анықтады.

Тексеру барысында көліктің баланың әкесіне тиесілі екені белгілі болды.

Баланың әкесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Оқиғаға байланысты баланың әкесі кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімімен оған айыппұл салынды. Дегенмен айыппұл мөлшері белгісіз.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері баламен және оның ата-анасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button