Тоқаев: Мемлекет қазынасына ауыз салу – ең ауыр қастандық
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында елдегі жемқорлық мәселесіне жеке тоқталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Мемлекет қазынасына ауыз салу, Конституцияның талаптарын аяққа таптау – елге жасалған ең ауыр қастандық. Сондықтан біз қоғамдық дерттің бәріне, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес жүргіземіз. Ешқандай жоғары награда, керемет білім және мол тәжірибе заңға қайшы әрекет жасаған кезде кешірім жасауға негіз болмайды. Кешегі табысың емес, бүгінгі жұмысың бағаланады. Сол орынға қаншалықты лайық екеніңді нақты нәтиже және ісіңе жауапкершілікпен қарау арқылы көрсете аласың”, – деді Мемлекетт басшысы.
Президент ретінде ол адамдарға көзқарасы атқарған ісіне қарай қалыптасатынын айтты.
“Менің тарапымнан ешқандай артық немесе шамадан тыс талап қойылмайды: тәртіпті бұзбасаң, адал болсаң, жинақы жүріп, мемлекет мүддесіне қиянат жасамасаң болғаны. Бұл – барлық лауазымды тұлғаларға қойылатын қарапайым, орынды талап. Оны мүлтіксіз орындау қажет. Талай рет айттым, тағы да еске саламын: Конституцияда «Заң мен Тәртіп» бұлжымас қағидат ретінде бекітілді және атақ-абыройына, қоғамдағы орнына қарамастан азаматтардың бәріне бірдей қолданылады”, – деді ол.
Нұрлан Жақыповтың ұсталуы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталғанын 2026 жылдың 12 қарашасында растаған еді. Сол күні Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешені маңынан АҚШ долларына ұқсас купюралар салынған шабадандар табылғаны туралы хабар тараған еді. Доллар шашылған видео бүкіл желіге тарап, үлкен резонанс туызған.
Нұрлан Жақыпов ұсталғаннан кейін «Самұрық-Қазына» қоры мәлімдеме жасап, құқық қорғау органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп, тергеуге қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынатынын мәлімдеген. Ізінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Президент бұл жағдайды мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесінің күрделілігін көрсететін оқиға деп бағалады.