Астанада «Соғым-FEST» жәрмеңкесі өтеді: мекенжайы мен уақыты белгілі болды
21–22 қараша күндері Астанада ауқымды «Соғым-FEST» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Елорда тұрғындары мен қонақтары еліміздің әр өңірінен келген фермерлердің ет және басқа да азық-түлік өнімдерін сатып ала алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жәрмеңкеге еліміздің бірнеше өңірінен фермерлер келеді
«Соғым-FEST» жәрмеңкесін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырады. Іс-шара Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орайластырылып, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумы аясында өткізіледі.
Жәрмеңкеге Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және еліміздің өзге де облыстарындағы фермерлік шаруашылықтар қатысады. Келушілерге отандық ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түліктің кең таңдауы ұсынылады.
«Соғым-FEST» қай жерде өтеді
Жәрмеңке елордадағы «Jurt» сауда орталығында ұйымдастырылады.
-
Өтетін күндері: 21–22 қараша 2026 жыл
-
Мекенжайы: Астана қаласы, Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3
-
Өтетін орны: «Jurt» сауда орталығы
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жәрмеңке отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін насихаттауға және фермерлердің өз өнімдерін тұтынушыларға ұсынуына мүмкіндік беруге бағытталған.
Әкімдіктің ресми мәліметіне сәйкес, жәрмеңке сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Сауда тек «Jurt» орталығында емес, елорданың тағы үш алаңында өтеді: «Keruen Joly», «Ет Әлемі» және «ERA» базарында.