TOP-2Білім

Жекеменшік мектептерді қаржыландырудан 60 млрд теңге үнемделді

Қазақстанда жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізіліп, мемлекеттік бюджеттен 60 млрд теңге үнемделген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқушыларды екі рет есепке алу жойылған

Вице-министрдің айтуынша, биылғы оқу жылының басынан бастап жекеменшік мектептерді қаржыландыру толықтай цифрлық жүйеге көшірілген. Енді мемлекеттік білім беру тапсырысы Қаржы министрлігінің e-Qazyna платформасы арқылы орналастырылады.

Жайық Шарабасов жаңа жүйенің нәтижесінде оқушыларды қосарлап есепке алу қаупі толық жойылғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, мемлекет жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерін орындауды жалғастырады.

«Мемлекеттік білім беру тапсырысы Қаржы министрлігінің e-Qazyna платформасы арқылы орналастырылады. Соның нәтижесінде оқушыларды екі рет есепке алу қаупін толық жойдық. Мемлекет өз міндеттемелерін орындауды жалғастырып келеді», – деді вице-министр.

Министрлік өкілінің мәліметінше, цифрлық платформаны енгізу нәтижесінде бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 60 млрд теңге үнемделген. Бұл көрсеткішті Жайық Шарабасов мемлекеттік қаржыландыру жүйесін цифрландырудың нәтижесі ретінде атады.

Жеке мектептерге қанша қаржы бөлінеді

Қаржыландыру тәртібі өзгергенімен, мемлекет жекеменшік мектептерге бөлінетін қаражатты тоқтатпайды. Вице-министрдің айтуынша, алдағы үш жылға бюджеттен осы мақсатқа 700 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның ішінде 2026 жылға жоспарланған сома 245 млрд теңгені құрайды.

«Алдағы үш жылда жекеменшік мектептерді қаржыландыруға бюджеттен 700 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Биыл бұл мақсатқа 245 млрд теңге бөлінген. Бірінші жартыжылдықта өңірлерде мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылып, 749 жекеменшік мектепке жалпы сомасы 128 млрд теңге көлемінде қаржы берілді», – деді Жайық Шарабасов.

Еске салайық, биыл 6 қаңтарда премьер-министр Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды шамадан тыс қаржыландыруды тоқтатуды талап еткен болатын.

Back to top button