ЖаңалықтарҚоғам

«Шаршаған» деген аттан шаршаған тұрғын есімін өзгерте алмай жүр

Ақтау қаласының 26 жастағы тұрғыны Шаршаған Жұмабаева өзіне қойылған ерекше есімнің тарихын баяндады. Анасы босанар алдында үш күн бойы толғатып қиналғандықтан, әжесі оған Шаршаған деген ат қойған. Алайда келіншектің өзі бұл есіміне көңілі толмайтынын және өзгерте алмай жүргенін айтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Неліктен “Шаршаған” деп атады

Шаршаған Жұмабаева Түрікменстанда дүниеге келген. Алайда сәби кезінен Ақтауда тұрады. Сөзінше, отбасында алты бала. Өзі – бесінші перзент. Шаршаған дүниеге келерде анасы үш күн бойы толғатып, жағдайы ауыр болған.

«Біздің отбасымызда алты бала бар, мен бесіншісімін. Сөйтсем, мен дүниеге келер алдында анам үш күн бойы толғатып қиналыпты. Сол кезде акушерлер анамның немесе менің өміріме қауіп төніп тұрғанын айтқан екен. Әжем екеуміз үшін қатты уайымдапты. Төрт әпкем анасыз қала ма деп қорқып, дәрігерлер ең болмаса анамның өмірін сақтап қалса екен деп тілеген. Құдайға шүкір, бәрі жақсы аяқталды», – дейді Шаршаған.

«Атымды әжем қойған»

Шаршағанның айтуынша, бұрын қазақ отбасыларында балаға ат қою кезінде оның дүниеге келген уақыты, отбасының жағдайы немесе сол сәттегі оқиға ескерілген.

«Әжем анамның үш күн бойы толғатып, қатты шаршағанын көріп, менің атымды Шаршаған деп қойыпты. Бірақ анам оған бұл есімнің мағынасы жоқ екенін, «шаршады» дегенді білдіретінін айтқан екен. Дегенмен ол заманда мұндай жағдай қалыпты саналған. Балаларға есім көбіне дүниеге келген кездегі жағдайға байланысты қойылатын», – дейді ол.

Бұрын отбасында қыз бала дүниеге келгенде жағдай басқаша болған. Әулет ұл баланың дүниеге келуін күткен. Шаршағанның отбасында да осындай жағдай болған.

«Әпкелерімнің есімдері – Индира (1989 жылы туған), Кандира (1990 жыл), Үлмекен (1992 жыл). Айтпақшы, Үлмекен деген есімнің қойылуына ата-анамның ұл бала күткені себеп болған. Салтанат (1997 жыл) деген әпкемнің атын әкем қойған. Мен – Шаршаған (2000 жыл), ал кенже сіңлімнің есімі – Мәдина (2009 жыл). Біздің отбасымызда ұл бала дүниеге келмеді. Қазақтың бұрынғы салт-дәстүрінде келесі перзенті ұл болсын деген үмітпен қыздарға Ұлдана, Ұлболсын секілді есімдер қойылған. Мұны әділетсіздік деп айтпас едім, бірақ көңілге қатты тиеді. Меніңше, мұндай есім балаға ауыр тиеді. Бала кішкентай кезінде оның мәнін түсінбеуі мүмкін. Алайда мектепке барғаннан кейін есіміне байланысты мазақтау мен буллинг басталады», – дейді ол.

Шаршаған өз есіміне байланысты балаларының да ыңғайсыз жағдайға тап болғанын айтып берді.

«Балаларым мектепке барады. Бір күні үлкен қызымнан мұғалімі ата-анасының есімдерін сұрапты. Қызым әкесінің аты Нұрлан, ал анасының аты Айша екенін айтқан. Бірақ мұғалім бүкіл сыныптың алдында: «Сенің анаңның құжаттағы есімі Шаршаған деп жазылған ғойСол кезде қызым қатты ренжіп, үйге көңілсіз келді. Сыныптастарының бәрі осыған күлгенін айтты. Сол сәтте балаларым менің есімім үшін ұялмасын деп, құжаттарымды міндетті түрде өзгертемін деп шештім», – дейді ол.

«Шаршаған» есімін неге өзгерте алмай жүр

Шаршағанның айтуынша, ол бес жыл бұрын құжаттарындағы есімін өзгерту үшін Түрікменстан елшілігіне жүгінген. Алайда содан бері ешқандай жауап ала алмаған.

«Түрікменстанда дүниеге келгендіктен, сол елдің елшілігіне жүгіндім. Өтінішімде туу туралы куәлігімді өзгертіп, Шаршаған деген есімімді Айша деп ауыстыруды сұрадым. Қанша рет барсам да, бес жылдан бері күтіп жүрмін. Әлі күнге дейін ешқандай жауап жоқ. Ол елдің заңдары қатал дейді. Бірақ бір ғажайып болып, мәселем шешілсе екен деймін. Егер Қазақстанда дүниеге келгенімде, әрине, бәрі әлдеқайда оңай болар еді. Мұнда есімді бір жарым аптаның ішінде өзгертуге болады. Бірақ амал қанша…» – дейді Шаршаған Жұмабаева.

Қазір Ақтау тұрғынын көпшілік Айша деп атайды. Алайда оны көптен бері көрмеген адамдар әлі де Шаршаған деген есімімен тануы мүмкін.

Back to top button