TOP-1Жаңалықтар

Үш басшы қызметінен босатылды: «Қазатомөнеркәсіп» мәлімдеме жасады

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының директорлар кеңесі басқарманың үш мүшесінің қызметтен босатылуына және олардың бірінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Компанияның директорлар кеңесі акционерлерге, клиенттерге, серіктестерге және өзге де мүдделі тараптарға үндеу жасап, қалыптасқан жағдайдың маңыздылығын түсінетінін жеткізді.

Компания құзырлы органдармен ынтымақтасып жатыр

Директорлар кеңесі соңғы оқиғалар акционерлердің, қызметкерлердің және іскерлік серіктестердің алаңдаушылығын тудыруы мүмкін екенін атап өтті. Компания тәуелсіз тексеру немесе тергеу барысында ішкі бақылау жүйесі мен рәсімдерінде анықталуы мүмкін кемшіліктерді жоюға ниетті.

«Біз фактілердің объективті түрде анықталуын қолдаймыз. Компания құзырлы органдармен ынтымақтасып жатыр және тиісті жауапкершіліктің қамтамасыз етілуіне ниетті. Кінәсіздік презумпциясы қағидатын сақтай отырып, тиісті құқықтық рәсімдер аяқталғанға дейін жекелеген тұлғалардың жауапкершілігіне қатысты қорытынды жасаудан бас тартамыз», – деп жазылған мәлімдемеде.

Басшылардың қызметтен кетуі компания жұмысына әсер етті ме

Директорлар кеңесінің мәліметінше, қазіргі жағдай компанияның операциялық қызметіне әсер еткен жоқ. 2026 жылға арналған барлық өндірістік және қаржылық жоспарлар, сондай-ақ компанияның даму стратегиясы өзгеріссіз қалады.

«Компания басқармасы кворумды сақтап отыр. Қызметтен кеткен басшылардың операциялық басқару және функционалдық міндеттері ішкі рәсімдерге сәйкес компания басшылығы арасында қайта бөлінді. Жаңа басшылар тағайындалған кезде тиісті ақпарат белгіленген тәртіппен жарияланады», – деп мәлімдеді компания.

Директорлар кеңесі қазіргі басты міндет тұрақты басқаруды, бизнес-процестердің үздіксіздігін қамтамасыз ету, қызметкерлерді қолдау және акционерлердің мүдделерін қорғау екенін атап өтті.

«Компанияның тұрақтылығы жекелеген басшыларға тәуелді емес»

Директорлар кеңесі компанияны, оның ұжымын және ұзақмерзімді мақсаттарын толық қолдайтынын жеткізді.

«Қазатомөнеркәсіптің тұрақтылығы басқарушы команданың жекелеген мүшелеріне тәуелді емес. Ол қызметкерлеріміздің өз ісіне адалдығына, жинақталған тәжірибеге, қалыптасқан серіктестік қарым-қатынастарға және мүдделі тараптардың қолдауына негізделген», – делінген мәлімдемеде.

Компания акционерлер мен инвесторлардың мүдделерін қорғауға, компания құнын сақтауға және оның тұрақты болашағын қамтамасыз етуге бейілді екенін растады. Сондай-ақ директорлар кеңесі маңызды өзгерістер мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сенімді нығайтуға бағытталған шаралар туралы тұрақты түрде ақпарат беріп отыратынын мәлімдеді.

Ұлттық компаниялардағы жемқорлық дауы

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталғанын 2026 жылдың 12 қарашасында растаған еді. Сол күні Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешені маңынан АҚШ долларына ұқсас купюралар салынған шабадандар табылғаны туралы хабар тараған еді. Доллар шашылған видео бүкіл желіге тарап, үлкен резонанс туызған. Нұрлан Жақыпов ұсталғаннан кейін «Самұрық-Қазына» қоры мәлімдеме жасап, құқық қорғау органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп, тергеуге қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынатынын мәлімдеген. Ізінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Президент бұл жағдайды мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесінің күрделілігін көрсететін оқиға деп бағалады.

Осы оқиғадан кейін Ұлттық қауіпсіздік қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма мүшесі Қ. Омарбеков пен өзге де адамдарды ұсталғанын хабарлады. 

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button