TOP-1Жаңалықтар

Жемқорлық дауы шыққан «Қазатомөнеркәсіптің» тағы бір топ-менеджері қызметінен кетті

Сыбайлас жемқорлық дауы шыққан «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының тағы бір топ-менеджері қызметінен кетті. Компанияның сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықовтың басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ұлттық атом компаниясының баспасөз қызметі 27 қарашада таратқан мәліметке сәйкес, Дархан Сағындықов 2026 жылдың 26 қарашасында өз еркімен қызметінен кеткен.

“Оның өтініші негізінде және корпоративтік рәсімдерге сәйкес «Қазатомөнеркәсіптің» директорлар кеңесі Дархан Сағындықовтың компанияның басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты”, – деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.

Компания өкілдері «Қазатомөнеркәсіптің» қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Сағындықов атқарған міндеттер мен өкілеттіктер ішкі рәсімдерге сәйкес компания басшылығының басқа мүшелері арасында бөлінген. Әзірге сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор қызметіне кімнің тағайындалатыны белгісіз.

Ұлттық компаниялардағы жемқорлық дауы

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталғанын 2026 жылдың 12 қарашасында растаған еді. Сол күні Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешені маңынан АҚШ долларына ұқсас купюралар салынған шабадандар табылғаны туралы хабар тараған еді. Доллар шашылған видео бүкіл желіге тарап, үлкен резонанс туызған. Нұрлан Жақыпов ұсталғаннан кейін «Самұрық-Қазына» қоры мәлімдеме жасап, құқық қорғау органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп, тергеуге қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынатынын мәлімдеген. Ізінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Президент бұл жағдайды мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесінің күрделілігін көрсететін оқиға деп бағалады.

Осы оқиғадан кейін Ұлттық қауіпсіздік қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма мүшесі Қ. Омарбеков пен өзге де адамдарды ұсталғанын хабарлады. 

Back to top button