Жаңалықтар

Қазақстанда фастфуд жарнамасын қалай шектегелі жатыр

Қазақстанда балаларға бағытталған фастфуд жарнамасын шектеу, балаларға арналған мекемелерде мұндай өнімдердің сатылуына қатысты талаптарды күшейту ұсынылды. Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов әріптестерімен және сарапшылармен бірлесіп тиісті заңнамалық түзетулер әзірлегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Депутаттың айтуынша, тамыз айында Мемлекет басшысы фастфудтың, әсіресе балаларға бағытталған агрессивті жарнамасына қатысты мәселені жан-жақты зерделеуді тапсырған. Аймағамбетов өзі келтірген зерттеу дерегіне сүйеніп, Қазақстанда 5-9 жастағы әр төртінші балада дерлік артық салмақ бар екенін атап өтті. Осыған байланысты депутат комитеттегі әріптестерімен, «Әділет» фракциясының мүшелерімен және сарапшылармен бірлесіп заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірлеген.

Фастфуд жарнамасы мен сатылымы қалай шектелмек

Аймағамбетов жаңа талаптарды кезең-кезеңімен енгізуді, сондай-ақ оларды іске асыруға кететін шығынды ескеруді ұсынып отыр.

– Әңгіме фастфудқа түгелдей тыйым салу туралы емес, балаларды оны тұтынуға итермелейтін жарнаманы шектеу туралы, – деп жазды депутат.

Бірінші кезекте құрамында қант, тұз және қаныққан май мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын балаларға арналған телеарналарда, бағдарламаларда және мекемелерде шектеу ұсынылған. Депутат мұндай өнімдердің әлеуметтік желілердегі жарнамасына да назар аудару қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, балаларға арналған ұйымдарда осындай өнімдердің сатылуына қатысты талаптарды күшейту көзделген. Қазірдің өзінде білім беру ұйымдарында бірқатар шектеу бар. Алайда депутаттар қолданыстағы талаптардағы олқылықтарды жойып, негізгі шектеулерді заң деңгейінде бекітуді ұсынып отыр.

Дүкендер мен ас мәзірінде арнайы ескерту пайда болуы мүмкін

Заңнамалық түзетулердің тағы бір бағыты – өнімнің құрамы туралы ақпаратты тұтынушыға ашық әрі түсінікті түрде ұсыну. Аймағамбетовтің пікірінше, сатып алушы қаптамадағы ұсақ жазуға үңілмей-ақ, өнімнің құрамында қант, тұз немесе қаныққан май мөлшері жоғары екенін бірден білуі керек. Алғашқы кезеңде мұндай ақпаратты дүкендердегі баға белгілерінде және қоғамдық тамақтану орындарының ас мәзірінде көрсету ұсынылып отыр. Ал өнімнің қаптамасына арнайы ескерту енгізу мәселесін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) деңгейінде қарастыру қажет. Аймағамбетовтің сөзінше, құр тыйыммен мәселені шешу мүмкін емес. Сондықтан заңнамалық бастама әзірленген кезде балалардың мүддесімен қатар бизнестің де жағдайы ескерілуге тиіс.

– Біз балаларды дәмді тағамнан қағып, бизнеске артық кедергі жасауды көздеп отырған жоқпыз. Бірақ айналадағы жарнама мен сауда балаларды зиянды өнімге үнемі қызықтырып тұрғанда, тек ата-анадан ғана дұрыс таңдау жасауды талап ету әділетсіз, – деді Құрылтай депутаты.

Қазір ұсынылып отырған шаралардың екінші кезеңі сарапшылармен бірлесіп пысықталып жатыр.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button