ЖаңалықтарТергеу

Оралда нәресте шетінеп кетті: полиция қылмыстық іс қозғады

Орал қаласында босану кезінде нәресте шетінеп кетті. Қайғылы жағдайды Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жүкті әйел жүктіліктің 39-аптасында қалалық көпбейінді аурухананың жүктілік патологиясы бөліміне түскен. Ол 16 қарашадан бастап стационарда ем қабылдаған.

Босану кезінде не болған

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйелдің жүктілігі қатар жүретін аурулар мен бірнеше қауіп факторы аясында өткен. Әйелдің туыстары «Мой город» басылымына оның қан қысымына байланысты мәселелері болғанын айтқан. Жүктіліктің 34-аптасында оған қант диабеті диагнозы қойылған. Сонымен қатар құрсақтағы нәресте ірі болған. Отбасы бұл сәбиді 12 жыл күткен екен.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, әйел дәрігерлердің бақылауында болған. 22 қарашада оның толғағы өздігінен басталған.

«Босандыру табиғи жолмен жүргізілді. Босану процесі қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес акушер-гинекологтар мен неонатолог дәрігердің қатысуымен ұйымдастырылды. Босану кезінде асқыну пайда болды. Осыған байланысты медициналық бригада дереу шұғыл шаралар қабылдады», – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.

Жүктіліктің толық мерзімінде дүниеге келген қыз баладан тіршілік белгілері байқалмаған. Нәресте неонатолог дәрігерге беріліп, реанимациялық шаралар жүргізілгенн, алайда сәбиді аман алып қалу мүмкін болмады.

Полиция қылмыстық іс қозғады

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, жәбірленуші тараптың уәждерін тексеріп жатыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығы мен прокуратураның бақылауында.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button