Тергеу

Қашаған операторы 2,36 трлн теңге айыппұлға қатысты сотта ішінара жеңді

Атырау облыстық соты Қашаған кен орнын игеруші консорциумның операторы NCOC компаниясының апелляциялық шағымын ішінара қанағаттандырды. Сот жеке сот орындаушысының компания активтерін азайтуы мүмкін кез келген әрекетке тыйым салу туралы қаулысын заңсыз деп таныды, депхабарлайды Tizgin.kz.

NCOC қандай шектеулерге шағымданды

Нефть и Газ Казахстана мәліметінше, іс 2,36 трлн теңге көлеміндегі айыппұлды өндіріп алу жөніндегі атқарушылық іс жүргізу аясында қаралды. Алайда компанияның жылжымайтын мүлкі мен көлік құралдарына салынған тыйым мен өзге де шектеулер күшінде қалды. NCOC компаниясы жеке сот орындаушысының биыл шілде айында шығарған бес қаулысына шағым түсірген. Атап айтқанда, компания атқарушылық іс жүргізуді қозғау, жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарына тыйым салу, сондай-ақ 2026 жылғы 30 шілдедегі белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу туралы қаулыларды заңсыз деп тануды талап еткен.

Соңғы қаулыға сәйкес, NCOC компаниясына активтерінің азаюына әкелуі мүмкін мәмілелер жасауға шектеу қойылды. Атап айтқанда, мүлікті сатуға, сыйға тартуға, беруге немесе есептен шығаруға, сондай-ақ талап ету құқықтарын басқа тұлғаға беруге тыйым салынған.

Сот шешімі

Іс материалдарын зерделеген сот алқасы қаулыда мұндай шектеу енгізудің нақты құқықтық негізі көрсетілмегенін анықтады. Сондай-ақ жеке сот орындаушысы бұл шараның не себепті қажет болғанын түсіндірмеген және тыйымның кімдерге қатысты қолданылатынын тиісті деңгейде айқындамады. Бұдан бөлек, қаулы мәлімет үшін әрі орындау мақсатында «PSA» ЖШС-ға жолданған. Алайда сот орындаушысы бұл ұйымның іс жүргізудегі мәртебесі мен енгізілген шектеулерді орындауға қандай өкілеттігі бар екенін негіздемеген.

Осыған байланысты сот аталған қаулыны заңды әрі негізді деп тануға болмайды деген қорытындыға келіп, күшін жойды. Сондай-ақ сот алқасы жеке сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қайта қолдану құқығы сақталатынын атап өтті. Дегенмен мұндай шешімдер заң талаптарына сәйкес қабылдануы тиіс. NCOC компаниясының қалған талаптары қанағаттандырылмады. Яғни компанияның жылжымайтын мүлкі мен көлік құралдарына салынған тыйым, сондай-ақ осыған дейін енгізілген өзге де шектеулер күшінде қалды.

Back to top button