Жаңа Азаматтық кодекс және бұрын жасалған шарттар: құқықтық тұрақтылықты қалай сақтау керек
Қазақстанда жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында бұрын жасалған шарттардың құқықтық тұрақтылығын сақтау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Жаңа заңнамалық нормалар азаматтар мен кәсіпкерлердің бұрын қабылдаған міндеттемелеріне қатысты белгісіздік туғызбауы тиіс, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Экономика салалары және әлеуметтік сала заңнамасы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Сейітімбек Айбар Асылханұлы пікір білдірді.
Бұрын жасалған шарттардың тағдыры қандай болады
Сарапшы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі бастамасын қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл азаматтық заңнаманың мазмұнын жаңартумен ғана шектелмейтін, сонымен қатар оның қолданысқа енгізілу тәртібін мұқият айқындауды талап ететін ауқымды міндет.
«Бұл жұмыста жаңа Кодекс күшіне енгенге дейін жасалған шарттардың құқықтық тағдыры ерекше маңызға ие. Азаматтық айналымда бірнеше жылға есептелген жалдау, тауар жеткізу, қарыз, мердігерлік және басқа да ұзақ мерзімді шарттар бар. Мұндай шарттардың талаптары олар жасалған кездегі заңнамаға, тараптардың экономикалық есептеріне және өздері қабылдаған тәуекелдерге негізделеді», – дейді Айбар Сейітімбек.
Сарапшының пікірінше, жаңа заңнамалық нормаларды нақты өтпелі қағидаларсыз қолдану шарттық міндеттемелердің тұрақтылығына және азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтық күтулеріне кері әсер етуі мүмкін.
Азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары қалай қорғалуы тиіс
Ғылыми қызметкер қолданыстағы заңнамада бұл мәселеге қатысты маңызды кепілдіктер қарастырылғанын атап өтті.
«Атап айтқанда, Азаматтық кодекстің 4 және 383-баптарында азаматтық заңнаманың кері күші болмайтыны және заңнамада өзгеше тікелей көзделмесе, бұрын жасалған шарттардың талаптары кейіннен міндетті заңнамалық талаптар өзгерген жағдайда да сақталатыны бекітілген», – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында мына мәселелерді нақты айқындау қажет:
- бұрын жасалған шарттарға қандай құқықтық нормалар қолданылатынын;
- жаңа Кодекс күшіне енгеннен кейін туындайтын құқықтар мен міндеттердің қалай реттелетінін;
- қандай айрықша жағдайларда жаңа талаптардың бұрын қалыптасқан қатынастарға қолданылуы мүмкін екенін.
Сонымен қатар сарапшы құқықтық тұрақтылық қағидатын заңнаманы жаңартуға кедергі ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Қоғамдық маңызы бар мүдделерді қорғау немесе елеулі құқықтық тәуекелдерді жою мақсатында заң шығарушы арнайы талаптар белгілей алады. Алайда мұндай шешімдер түсінікті, негізделген және алдын ала болжамды болуы тиіс.
Құқықтық реформа ертеңгі күнге деген сенімді нығайтуы керек
Айбар Сейітімбектің айтуынша, жаңа Азаматтық кодекстің сапасы оның мазмұнымен ғана емес, қолданыстағы құқықтық жүйеден жаңа жүйеге көшу үдерісінің қаншалықты сауатты ұйымдастырылуымен де айқындалады.
«Құқықтық реформа тараптардың бұрын қабылдаған міндеттемелеріне қатысты белгісіздік туғызбай, ертеңгі күнге деген сенімді нығайтуы қажет», – дейді ғылыми қызметкер.