ЖаңалықтарТергеу

Павлодардың бас санитар дәрігеріне қатысты тергеу басталды

Павлодар қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Александр Сафяниковқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Басқарма басшысы не үшін күдікке ілінді

Александр Сафяниковтың нақты қандай қылмыс жасады деген күдікке ілінгені әзірге белгісіз. ҰҚК тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпаратты жарияламады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Александр Сафяниковтың кәсіпкерден 400 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Сондай-ақ басқарма басшысының құқық қорғау органдарымен процестік келісім жасасқаны айтылған, алайда бұл мәліметтер ресми түрде расталған жоқ.

Александр Сафяников туралы не белгілі

Александр Сафяников Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүйесінде 27 жылдан астам уақыт еңбек еткен. Ол «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталған.

Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтында Александр Сафяников әлі де қалалық басқарманың басшысы ретінде көрсетілген.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button