TOP-1ҚоғамПсихологияСараптама

«Кейде ажырасу – өзіңді құтқару»: психолог қоғамдағы маңызды мәселені қозғады

Қоғамда ажырасқан адамдарға, әсіресе әйелдерге қатысты теріс көзқарас әлі де бар. Тіпті кейбіреулер ажырасу санының артуына психологтарды кінәлайды. Психоанализ бағытындағы психолог Гүлжан Досболқызы ажырасуға қатысты қалыптасқан стереотиптер, некені сақтап қалудағы ерлі-зайыптылардың жауапкершілігі және отбасындағы қарым-қатынастың бала психикасына әсері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ажырасу санының артуына психологтар кінәлі ме

Маманның айтуынша, соңғы уақытта қоғамда «Психологтар көбейгелі ажырасу да көбейді», «Психологтар отбасыларды ажыратып жүр», «Өзі ажырасқан психолог өзгелерге қандай кеңес береді?» деген пікірлер жиі айтылып жүр, алайда психолог ажырасудың барлық себебі мен жауапкершілігін бір ғана мамандық иелеріне жүктеуді дұрыс деп санамайды.

«Менің ойымша, ажырасудың барлық себебі мен жауапкершілігін психологтарға арта салу – мәселенің түп-тамырына үңілмеудің ең оңай жолы. Психолог отырып алып клиентіне ажырасу керектігі туралы кеңес бермейді. Ол кәсібилік емес. Әрине, кәсіби даярлығы жеткіліксіз, жеке терапия мен супервизиядан өтпеген, клиентке өзінің жеке өмірлік тәжірибесі арқылы кеңес беретін мамандар кездесуі мүмкін, бірақ жекелеген мамандардың әрекетіне қарап, бүкіл психология саласына баға беру дұрыс емес», – дейді Гүлжан Досболқызы.

Оның сөзінше, кәсіби психологтың міндеті – адамды ажырастыру немесе қандай жағдай болмасын некесін сақтап қалу емес. Маман адамның өз сезімдерін, қажеттіліктерін және қарым-қатынасында болып жатқан процестерді түсінуіне көмектеседі. Ал түпкілікті шешімді адамның өзі қабылдайды.

Әйелдер неліктен ажырасуға шешім қабылдайды

Психологтың пікірінше, дәстүрлі отбасылық құрылымда тұрмысқа шығу әйелдің өміріне елеулі өзгерістер әкелуі мүмкін. Кейбір отбасыларда ер адам өзіне таныс ортада, ата-анасының жанында өмір сүруін жалғастырса, әйел үйренген ортасынан шығып, жаңа отбасының талаптары мен міндеттеріне бейімделуге мәжбүр болады. Сонымен қатар, бала тәрбиесі, тұрмыстық міндеттер, туыстармен қарым-қатынасты реттеу және отбасының эмоционалдық ахуалын сақтау секілді жауапкершіліктің басым бөлігі әйелдің мойнына түсетін жағдайлар кездеседі.

«Әйел ұзақ уақыт шыдауы мүмкін. Үміттенеді. Күйеуі өзгереді деп күтеді. Сөйлесуге тырысады. Отбасын сақтап қалудың түрлі жолын іздейді. Бірақ қарым-қатынасты сақтауға бір адам ғана күш салса, ол бір күні физикалық, моральдық және эмоционалдық тұрғыдан қажиды. Сол кезде ажырасу аяқ астынан қабылданған шешім емес, жылдар бойы жиналған шаршаудың, реніштің және орындалмаған үміттің нәтижесі болуы мүмкін», – дейді психолог.

Гүлжан Досболқызының айтуынша, ерлі-зайыптылардың екеуі де араларында мәселе бар екенін мойындап, бір-бірін тыңдауға, ашық сөйлесуге және өз әрекеттеріне жауапкершілік алуға дайын болса, қарым-қатынасты жақсартуға мүмкіндік бар. Қажет болған жағдайда олар жеке немесе жұптық терапияға жүгіне алады. Ең маңыздысы – екі тараптың да қарым-қатынасты жақсартуға деген ниеті.

«Екі адам құрған қарым-қатынасты бір адам жалғыз өзі сақтап қала алмайды», – дейді маман.

Толық отбасында өскен бала міндетті түрде бақытты бола ма

Ажырасу туралы сөз қозғалғанда қоғамда жиі айтылатын уәждердің бірі – баланың толық емес отбасында өсуі. Психолог ата-ананың бір шаңырақ астында тұруы баланың психологиялық саулығына әрдайым кепіл бола алмайтынын атап өтті.

«Бір сәт ойланып көріңізші: бүгінде қаншама ересек адам бала кезінде ата-анасының ажыраспағанынан зардап шегіп жүр? Олар күнделікті ұрыс-керістің, айқайдың, төбелестің, эмоционалдық салқындықтың куәсі болып өсті. Ата-анасының бір-бірін жақсы көрмейтінін сезінді. Өз үйінде өзін қауіпсіз сезіне алмады. Сол адамдардың біраз бөлігі бүгінде сол балалық тәжірибесін психотерапияда талдап жүр. Кейбірі өз отбасын құруда, жақын қарым-қатынас орнатуда, басқа адамға сенуде қиындықтарға тап болады», – дейді Гүлжан Досболқызы.

Маманның түсіндіруінше, психоаналитикалық тұрғыдан баланың ата-анасы арасындағы қарым-қатынасты бақылап өсуі оның болашақта махаббатты, жақындықты және отбасылық өмірді қалай қабылдайтынына ықпал етуі мүмкін. Егер бала үнемі қорлықтың, айқайдың, зорлық-зомбылықтың және сыйластықтың жоқтығының куәсі болса, есейгенде мұндай қарым-қатынасты қалыпты деп қабылдауы ықтимал.

«Біздің қоғамда «толық отбасында өскен бала міндетті түрде бақытты болады» деген қате түсінік бар. Алайда баланың психологиялық саулығы отбасының құрамына ғана емес, сол отбасының ішіндегі қарым-қатынастың сапасына, қауіпсіздікке, мейірімге және тұрақтылыққа байланысты», – дейді психолог.

Маман ажырасудың өзі де бала үшін ауыр тәжірибе болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ата-ананың ажырасқаннан кейінгі қарым-қатынасы, бала алдындағы жауапкершілігі және оның екі ата-анасымен де қауіпсіз байланысын сақтауы маңызды.

«Кейде ажырасу – өзіңді құтқару»

Гүлжан Досболқызы қоғамда ажырасқан адамдарға, әсіресе әйелдерге қатысты стигманың әлі де басым екенін айтты. Оның пікірінше, некенің бұзылуы адамның тұлға ретіндегі құндылығын төмендетпейді.

«Мен психолог ретінде ажырасуды насихаттамаймын, бірақ адамның қандай жағдай болмасын некеде қалуға міндетті екенін де қолдамаймын. Отбасын сақтаудың құндылығы зор, алайда отбасын сақтаймыз деп адамның психологиялық және физикалық саулығын құрбан етуге болмайды. Ажырасуды да, некеде қалуды да біржақты бағаламаған жөн. Әр отбасының өз тарихы, өз себептері, өз ішкі динамикасы бар», – дейді маман.

Психолог кейбір жағдайларда ажырасу адамның өз өмірін, денсаулығын және жан саулығын сақтап қалуына мүмкіндік беретін шешім болуы мүмкін екенін атап өтті.

«Ажырасу – әрқашан жаман нәрсе емес. Кейде ажырасу – өзіңді құтқару. Өз өміріңді, физикалық денсаулығыңды, жан саулығыңды сақтап қалу. Кейде ажырасу – бұрын жабық болған мүмкіндіктердің ашылуы, өзіңді қайта тану, өмірге деген құштарлығыңды қайта ояту, жаңа өмірдің басталуы», – дейді Гүлжан Досболқызы.

Маманның пікірінше, қоғам ажырасудың себептерін психологтардан іздемес бұрын, отбасындағы жауапкершілік, сыйластық, эмоционалдық жақындық, зорлық-зомбылық және ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген қарым-қатынасы туралы ашық сөйлесуді үйренуі қажет.

«Мәселе адамдардың неліктен ажырасып жатқанында ғана емес. Мәселе – олардың некеде жүріп неліктен бақытсыз болып қалғанында. Сіздің тұлға ретіндегі құндылығыңыз отбасылық мәртебеңізбен өлшенбейді. Некенің аяқталуы – өмірдің аяқталуы емес. Кейде ол адамның өз өміріне қайта оралуының бастамасы», – деп түйіндеді психолог.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button