Шахмұрат Мүтәліп «Алтыналмастың» ірі акционері атанды
Кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке қатысы бар Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы Қазақстандағы ең ірі алтын өндіруші кәсіпорындардың бірі – «Алтыналмас» АҚ-ның ірі акционерлері қатарына қосылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Алтыналмастың» акционерлері кімдер
Қаржылық есептілік депозитарийінің дерегіне сәйкес, бүгінде «Алтыналмастың» дауыс беретін акцияларының кемінде 10 пайызына иелік ететін акционерлер қатарында Владимир Жұманбаев, Нидерландта тіркелген Gouden Reserves B.V. және Central Asia Resources Holding Ltd. компаниялары бар.
Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы 2026 жылдың қаңтарында «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген. Қаржы орталығының ресми тізіліміндегі мәліметке сәйкес, компанияның иелері – Шахмұрат Мүтәліп, Central Mine Reserves Ltd. және Vega Holding Ltd.
Биыл наурызда Шахмұрат Мүтәліптің компаниялары «Алтыналмастың» барлық акциясын сатып алу туралы келісімге қол қойғаны белгілі болған еді.
Мүтәліптің компаниясы 1,5 млрд долларға облигация шығарды
23 қарашада Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында 1,5 млрд доллар көлемінде облигация шығарған. Жарияланған мәліметке сәйкес, тартылатын қаражат тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істейтін компаниялардың акцияларын сатып алуға бағытталмақ.
Мүтәліптің компаниясының «Алтыналмастың» ірі акционерлері қатарына қосылуы бұған дейін жарияланған мәміле аясында акцияларды беру процесінің басталғанын аңғартады. Алайда бұрынғы акционерлер әлі де компанияның ірі үлескерлері қатарында болғандықтан, мәміленің толық аяқталғаны әзірге расталған жоқ. Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясының нақты қанша пайыз акция иеленгені және ол үшін қанша қаражат төлегені жарияланбаған.
Айта кетейік, «Алтыналмас» – Қазақстандағы ең ірі алтын өндіруші компаниялардың бірі. Сондықтан оның акционерлер құрамындағы өзгеріс кәсіпорынның болашақ даму стратегиясы мен инвестициялық саясатына ықпал етуі мүмкін.