Жаңалықтар

СҚО-да еттен қауіпті бактерия табылып, 75 келі өнім жойылды

Солтүстік Қазақстан өңірінде мұздатылған еттен адам денсаулығына қауіпті Listeria monocytogenes бактериясы анықталды. Зертханалық тексеруден соң 75 келі ет арнайы пеште өртеліп, жойылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қандай бактерия анықталды

Бұл жөнінде «Сапалы өнім» жобасы аясында жүргізілген тексеру кезінде белгілі болды. Мәлім болғандай, өнім Аққайың ауданындағы жеке кәсіпкерден алынған. Мониторинг кезінде мамандар жеке кәсіпкерден мұздатылған ет сынамасын алып, зертханаға жіберді. Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық қорытындысында, өнім құрамынан Listeria monocytogenes бактериялары табылған.

Листерия адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, ветеринариялық бақылау органдары өнімді айналымнан алып тастау шешімін қабылдаған. Комиссия құрамына ветеринариялық бақылау органдары, ветеринариялық қызмет өкілдері мен өнім иесі кірді. Осыған сәйкес 75 келі мұздатылған ет арнайы пеште өртеліп, жойылды.

Кәсіпкерлерге ескерту

Солтүстік Қазақстан облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы Ғалымжан Ильясовтің сөзінше, өнім сапасын бақылау тек мемлекеттік органдар міндетіне кірмейді.

«Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер жүргізген жұмыс заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Дегенмен кәсіпкерлер де сататын тауарларының сапасына жауапты екенін түсінуі тиіс», – деді ол.

Back to top button