20 жастағы Дильназдың өлімі: апелляциялық сот 14 жылдық жазаны өзгеріссіз қалдырды
26 қарашада апелляциялық сот 20 жастағы Дильназды өлтіру ісі бойынша шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы #НеМолчи.kz қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сот қандай шешім шығарды
Дина Таңсәрінің мәліметінше, апелляциялық сот Алдияр Карымсаковты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімді күшінде қалдырды, алайда қор өкілдері қылмыстың аса қатыгездікпен жасалғанын алға тартып, істің қайта саралануына үміттенген.
«Біз, #НеМолчи.kz қорының өкілдері, сот 16 пышақ жарақатын, бас сүйегінің екі жерден сынғанын, сотталушының бірінен кейін бірі жасаған қатыгез әрекеттерін ескереді деп үміттендік. Тергеу органдары да, прокуратура да, сот та қылмыстың саралануын өзгерткен жоқ. Біздің пікірімізше, бұл – аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру», – деп жазды Дина Таңсәрі.
Қор өкілдері сот шешімімен келіспейді
Дина Таңсәрінің айтуынша, марқұмның ата-анасы ел президентіне жүгініп, прокуратураның жеке қабылдауында болған, алайда қор негізін қалаушының мәлімдеуінше, жеке қабылдаудан кейін бір жарым сағат өткен соң ата-ананың өтініші қаралмастан, іс сотқа жіберілген.
«Құқық қорғау органдарының қандай негізге сүйенгенін тек болжауға тура келеді», – деді Дина Таңсәрі.
Қор өкілдері қылмыстың мән-жайына қатысты өз ұстанымдарын білдіріп, істің аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру ретінде сараланбағанына наразылық білдірді.
Оқиға желісі
Еске салсақ, Дильназдың денесі 2026 жылғы 13 шілдеде Абай облысының Бородулиха ауылындағы қара жолдан табылды. Бұған дейін хабарланғандай, қыз түнде бұрынғы жігітімен кездескен. Екеуінің арасында жанжал туындап, жігіт қызға бірнеше рет пышақ сұққан. Содан кейін оның денесін тұрғын үйлердің маңында қалдырып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Туыстарының айтуынша, Дильназ бен айыпталушы бір мектепте қатарлас сыныптарда оқыған. Кейін екеуі де Семей қаласындағы оқу орындарына түсіп, жазғы демалыста туған ауылдарына келген. Ол кезде олардың қарым-қатынасы аяқталған еді.
Сот талқылауы 28 қыркүйекте басталды. Қыздың ата-анасы Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша тағылған айыппен келіспей, қылмысты аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру ретінде қайта саралауды талап етті. Олар дене жарақаттарының сипатына назар аударып, тергеу барысында көрсетілген жарақаттардың келтірілу мән-жайларымен келіспеді.
Үкім жарияланғаннан кейін Дильназдың әкесі Сабыржан Темірхан тағайындалған жаза мерзіміне қатысты наразылығы жоқ екенін, алайда қылмыстың саралануымен әлі де келіспейтінін мәлімдеді. Сол кезде марқұмның ата-анасы апелляциялық шағым беру туралы түпкілікті шешім қабылдамаған еді.