Түркістанда «Мәдениеттер диалогы – 2026» халықаралық симпозиумы басталды
Ағымдағы жылғы 26 қарашада Түркістан қаласында ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған «Dialogue of Cultures: Мәдениеттер диалогы – 2026» II халықаралық симпозиумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Халықаралық алаң шет мемлекеттердің конституциялық бақылау органдарының өкілдерін, Құрылтай депутаттарын, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қауымдастық пен азаматтық қоғамның өкілдерін біріктірді. Симпозиумның негізгі тақырыбы құқық философиясын, білім мен ғылымның рөлін және халықаралық құқықтық стандарттарды зерделеу арқылы құқықтық мәдениет пен заманауи конституционализмді дамыту болды.
Пленарлық отырысты ашқан Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова Симпозиумның Конституция үстемдігі мәдениетін нығайтуға бағытталған, 2025 жылы бастау алған халықаралық кәсіби диалогтың жалғасы екенін атап өтті.
«Конституция мемлекеттің құндылықтық бағдарларын айқындайды, мәдениет олардың қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналуына ықпал етеді, ал азаматтық жауапкершілік осы құндылықтарды нақты істер мен әрекеттер арқылы жүзеге асырады», – деп атап өтті Эльвира Азимова.
Қатысушылар құқық пен мәдениетті жақындастыруда «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» конституциялық бағдарларының, сондай-ақ оларды қоғамның күнделікті өмірінде іс жүзінде жүзеге асырудың ерекше маңызын атап өтті.
Симпозиум қатысушыларына БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, Қазақстан Республикасы Құрылтайының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа құттықтау сөз сөйледі.